Елімізде еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі жандардың үштен бірі ғана жұмыспен қамтылған – депутат

3 Сәуір, 16:01 4019

Мәжіліс депутаты Динара Наумова премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесін көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісіменнің сөзінше, бұл мәселені тиімді шешу үшін Үкімет тарапынан белсенді қолдау керек. Ол бүгінде Қазақстанда 725 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрса, оның 385 мыңы еңбекке жарамды жаста (53%) екенін, сөйте тұра олардың үштен бірі, яғни 138,7 мыңы белсенді еңбекпен айналысатынын (36%) тілге тиек етті.

Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту проблемасы көбіне тиісті білім алудың жеткіліксіздігімен байланысты. Олардың көпшілігі орта білімді, бірақ аз бөлігінің ғана жоғары білімі бар. Мүгедектігі бар адамдардың білім деңгейінің төмендігі, сондай-ақ орта және техникалық білім негізінде дайындықтың тиімсіздігі еңбек нарығына сәтті кірігуге елеулі кедергілер туғызады, - деді депутат.

Наумова құзырлы мемлекеттік органдар арасында тиімді өзара іс-қимыл жоқтығын айтады. Яғни бір бөлім ұйымдарды мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыруды міндеттейтін шаралар қабылдаса, басқа бөлімдер осы санаттағы тұрғындарды оқытуға жеткілікті көңіл бөлмей отыр.

Жұмыс берушілер көбіне еңбек нарығындағы адамдардың осы санатының тиімділігіне күмәнмен қарап, оларды жұмысқа қабылдамайды, бұл мүгедектігі бар азаматтардың ынтасын төмендетіп, табысты жұмысқа қол жеткізу қабілетіне сенімсіздігін күшейтеді. Жұмыспен қамту процесінде жеткіліксіз қолдау және жұмыс орнында ерекше кедергілердің болуы жағдайды одан әрі қиындатады, бұл көптеген адамдардың еңбек нарығының ең төменгі сатыларында қалуына әкеледі, - дейді ол.

Депутат ерекше балалардың мамандық таңдауда да қиындыққа тап болатынын алға тартады.

Мен кәсіптік бағдар беру мәселесін өткен жылдың мамыр айында көтергенмін, бірақ Үкіметтің менің депутаттық сауалыма оң жауап бергеніне қарамастан, министрліктер тарапынан тиімді нәтижелерді көріп отырған жоқпыз. Бұл мәселені шешу үшін неғұрлым жүйелі және үйлестірілген араласу қажет, - дегенді алға тартты Наумова.

Бұл мәселені шешу кешенді тәсілді қажет ететінін алға тарта келе ол мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсынысын жеткізді:

  1. Күштерді бейімделген білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және кәсіптік даярлау деңгейін арттыруға, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтардың еңбек нарығына интеграциялануын жеңілдету үшін инфрақұрылым мен оқыту әдістерін бейімдеуге бағыттау қажет.
  2. Мемлекеттiк органдардың өзара тиiмдi iс-қимылын жолға қоя отырып, мүгедектігі бар тұлғаларға атаулы қолдау көрсету жөнiндегi әртүрлi ведомстволардың әрекеттерiн үйлестiру маңызды.
  3. Сапалы білімге қол жеткізуде тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін мүмкіндігі шектеулі студенттерге мемлекеттік гранттар мен жеңілдіктер беруді кеңейту.
  4. Мүгедектігі бар тұлғалардың құқықтарының кепілдіктері туралы заңнаманың сақталуын бақылаудың тиімді тетіктерін әзірлеу және енгізу.
Мадина Асылбекова
Бөлісу: