ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын енгізу мәселесі қаралды, деп хабарлайды El.kz
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың хабарлауынша, автоматтандырылған жүйе цифрлық бас жоспарларды, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын, ғимараттар мен құрылыстардың орналасуы, инженерлік инфрақұрылым, көше-жол желісі, сондай-ақ абаттандыру туралы деректерді жинауды, өңдеуді және сақтауды қамтамасыз етеді.
Қала құрылысы кадастрының тақырыптық деректер базасы, өңірдің экономикалық мамандануын, инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуін, өңірде ұқсас объектілердің болуын және олардың жүктемелігін ескере отырып, инвестицилық жобаларды оңтайлы орналастыруды таңдауға, сондай-ақ әлеуметтік объектілердің цифрлық деректерінің болуы, тіршілік инфрақұрылымын базалық қамтамасыз етуді бағалауға мүмкіндік береді.
Қала құрылысы кадастры аясында объектінің бірегей нөмірін енгізу пысықталып жатыр. Бұл біріздендіру, жеке сәйкестендіру нөмірмен ұқсастығы бойынша сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруді, бас жоспарларға сәйкес жүйеде эскиздік жобаны келісуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ құжаттардың нысаналы мақсатқа сәйкестігіне түпкілікті тексеруді жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, инфрақұрылымдық деректерді цифрландыру есебінен техникалық шарттарды алудың ашық процесі қалыптастырылады.
Премьер-Министр көпшілік ұдайы көтеретін қалалардағы бейберекет және тығыз құрылыс мәселесін шешу қажеттілігіне назар аударды.
Осы тақырып бойынша цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов және Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.
Премьер-Министр Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында халық пен бизнеске жер учаскелері мен инженерлік схемалар туралы ашық ақпарат берілетінін атап өтті.
«Сол үшін бүкіл ел аумағы бойынша бірыңғай Қала құрылысы кадастры мен сараптамасы енгізіліп жатыр. Жер учаскелері мен инфрақұрылым желілерінің интерактивті картасы дайындалуда. Ол тұрғындар мен кәсіпорындарға инженерлік және коммуналдық нысандарға жедел қосылуға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, қала құрылысы сараптамасы қалалы жердегі бейберекет және сапасыз құрылыстарды тоқтатуға, қала тұрмысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
«Бұл шаралар құрылысты жобалау кезінде қаражатты барынша үнемдеуге және құрылыс талаптарын қатаң сақтауға мүмкіндік береді. Интерактивті карталарда бос жатқан жер учаскелері мен инфрақұрылым туралы соңғы мәліметтер болады», — деді Премьер-Министр.
Әлихан Смайылов 2023 жылдың соңына дейін Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын толығымен енгізуді және автоматтандыруды, кадастрлық ақпараттық жүйелердің интеграциясын қамтамасыз етуді, сондай-ақ өңірлік желілерді инвентаризациялау үлесін жыл соңына дейін 75%-ға, ал 2024 жылға қарай 100%-ға дейін жеткізуді тапсырды.