8 наурыз сағат 23:07-де Семей қаласының «101» пультіне жедел жәрдем станциясының кезекші диспетчерінен төрт баланың улы газдан уланғаны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі ТЖМ-ге сілтеме жасап.
Ақпарат жинау барысында жеке тұрғын үйде қатты отынмен жылыту пешін пайдалану ережелерін бұзғандықтан түтін мұржасының тартылмауы себебінен 4 және 5 жастағы балалар улы газдан жеңіл дәрежеде уланғаны анықталды. Олар дәрігерлер тексергеннен кейін үйлеріне жіберілді. Ал 11 және 7 жастағы балалар улы газдан орташа дәрежеде уланып, дәрігерлер тексергеннен кейін Семей қаласының «Бүйрек орталығы» мекемесіне токсикология бөлімшесіне жатқызылды.
Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысында 2023 жылғы 8 наурызда сағат 02:52-де Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның орталық ауруханасына Новоишимское ауылындағы аудан орталығының көппәтерлі тұрғын үйіндегі жалдамалы пәтерде тұратын 1976 жылы туған әйел және 1977 жылы туған ер адам жатқызылып, қажетті ем алды. Қазір олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, ауруханадан үйлеріне шығарылды.
Пәтерді тексеру кезінде жылыту пешінің мұржасы күйеге толы екендігі анықталды, нәтижесінде тартылу болмай, улы газ бөлмеге шыққан. Сондай-ақ, пеш пен мұржада жарықтар болған.
Осы факті бойынша тұрғын үй иесі айыппұл санкцияларын көздейтін ҚР ӘҚБтК-нің 410-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айта кету керек, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша алдын алу жұмыстарын азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері осы үйдің тұрғындарымен 2023 жылдың ақпан айында аулаларды аралау барысында жүргізген болатын.
2022 жылы СҚО елді мекендерінде 28 адам улы газдан уланған, ағымдағы жылдың басынан бері - 22 адам уланып, 1 адам қаза тапты.