Елімізде бір айда үй сатып алу-сату бойынша 34 мыңнан астам мәміле жасалған

9 Тамыз 2023, 20:37 1497

Бір жылда (2023 жылғы шілде 2022 жылғы шілдеге) жаңа тұрғын үйлерді сату 4,3% өсті, ал пәтерлерді қайта сату бағалары 0,7% төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2023 жылғы шілдеде 28,6% артты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өңірлер бөлінісінде жаңа пәтер нарығында жылдық мәнде баға Ақтау – 18%, Семей – 16%, Павлодар 15,5% қалаларында қымбаттады. Қолданыстағы пәтер нарығында баға өсімі бойынша көш басындағы қалалар: Семей (29,5%), Ақтөбе (22,5%), Қызылорда (19%), Қостанай (16,6%), ал тұрғын үйді жалға алу нарығында Алматы (43,1%), Петропавл (40,3%), Көкшетау (37,1%) және Қонаев (36,1%).

2023 жылғы шілде айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 34 225 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 781 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 25 444 мәміле жасалды. 2023 жылдың маусымымен салыстырғанда (29 880) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 14,5%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша Астана (6 675 – 19,5%), Алматы (5 217 – 15,2%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (3 118 – 9,1%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 425 бірлік (1,2%).

2023 жылдың маусым айымен салыстырғанда шілдеде мәмілелер санының ең көп өсімі Астана қаласында (47,6%), Түркістан (39,4%) және Ұлытау (23,9%) облыстарында тіркелді, бір айдағы ең үлкен төмендеу Қостанай (8,1%), Қызылорда (5,5%) және Атырау (3,1%) облыстарында байқалды.

2023 жылдың маусымымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 15,7% (3 451 мәмілеге) өсті. Шілде айында пәтерлер бойынша барлығы

25 444 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 74,3%-ы. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, шілде айында олардың 9 779-ы ресімделді. Сауданың негізгі үлесі Астана (25,8%), Алматы (18,3%) қалаларына және Қарағанды облысына (10%) тиесілі.

2023 жылдың маусым айымен салыстырғанда, шілдеде жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны да 11,3%-ға ұлғайып (894 мәмілеге), 8 781-ді құрады. Оң көрсеткіш еліміздің барлық өңірінде орын алды.

2023 жылдың шілдесінде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері былтырғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 12,6%-ға өсті, ол кезде 30 393 мәміле ресімделген болатын. Ең жоғарым өсім көрсеткіші Астана қаласында (52%-ға) байқалды. Азаюдың ең жоғарғы көрсеткіші Шығыс-Қазақстан облысында (25,6%) тіркелді. 2023ж. қаңтар-шілде айларындағы мәмілелер санының 2022ж. қаңтар-шілде айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда теріс динамика орын алды – 33,7% кем.

Перизат Саденова
Бөлісу: