Елімізде бәсекелестік құқық бағдарламасының алғашқы түлектері түлеп ұшты

29 Қаңтар 2023, 14:55 1010

Магистрлік жобаларын сәтті қорғаған 10 магистрантқа «Құқық магистрі» дәрежесі берілді

М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінде «Бәсекелестік құқық» магистрлік бағдарламасының алғашқы түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсімі өтті,  деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақстан тарихында алғаш рет осы мамандық бойынша 10 магистр оқуын тәмамдады. Оларға көптен күткен дипломдарын ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Төрағасы Марат Омаров және М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев табыстады.

«Бәсекелестікті дамытуға атсалысу және проактивті Бәсекелестік саясатты енгізу Президент қызметінің басым бағыты болып жарияланды. Өткен жылдың ақпан айында, еліміздің тарихында тұңғыш рет, БҚДА М. С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ оқу орнымен бірлесіп, «Бәсекелестік құқық» мамандығы бойынша магистрлік бағдарламаны ашты. Бұл монополияға қарсы заңнама саласында арнайы білімі бар дипломды кадрларды даярлау үшін институционалдық негіз болды. Осы бағдарламаның алғашқы легінің білімін аяқатуы біз үшін тарихи маңызы бар сәт. Түлектер тәуелсіз Қазақстанның нарықтық экономикасының дамуына өз үлестерін қосатынына сенімдімін», - деді Агенттік басшысы Марат Омаров.

Қазіргі уақытта оқыту бағдарламасы бірегей және магистранттарға қызметі мен оқуын ұштастыра отырып, сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Ол кәсіпкерлерден бастап мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне дейін, яғни кең аудиторияға қолжетімді.

Іс-шара соңында Агенттік Төрағасы түлектерді оқуын сәтті аяқтап, магистр дәрежесін алуымен құттықтап, университеттің профессор-оқытушылар құрамына алғысын білдірді.

Бағдарламаның мақсаты - коммерциялық практиканың әртүрлі нысандарын жүзеге асыруда заңдылықты қамтамасыз ету саласында құзыреті бар басшылар мен заңгерлердің жаңа моделін қалыптастыру.

EL.KZ
Бөлісу: