11.07.2025
14:38
2311
Елімізде балгерлердің табысы 75 есе өскен: тылсым күшке қаржы құятын кәсіпкерлер кімдер?

Елімізде балгерлердің табысы 75 есе өскен: тылсым күшке қаржы құятын кәсіпкерлер кімдер?

Қазақстанда экстрасенстер, астрологтар мен балгерлер көрсететін қызметтердің ресми нарығы бір жыл ішінде 75 есе өсіп, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 2,9 миллиард теңгеге жетті. Finratings.kz «сиқырлы» бизнестің көлеңкеден қалай шыға бастағанын және бұл салаға қарапайым халықтан басқа тағы кім миллиардтап ақша төлеп отырғанына зерттеу жасаған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

2024 жылы Қазақстан экономикасында ерекше оқиға болды. Экстрасенстер, балгерлер мен астрологтар көрсеткен қызметтен түскен ақша көлемі 75 есе өсті. Егер 2023 жылы бұл мамандық иелері небәрі 39,5 миллион теңге кіріс туралы есеп берген болса, араға бір жыл салып бұл сома рекордтық 2,9 миллиард теңгеге жеткен. Ұлттық статистика бюросының дерегі осындай.

Әрине, бұл қазақстандықтар бір жыл бұрынғыға қарағанда балгерлерге 75 есе жиі жүгінді дегенді білдірмейді. Бұл эзотерикалық қызметтер нарығының басым бөлігі бұрын көлеңкеде болып, енді ғана ашық түрде жұмыс істей бастағанын аңғартады. Ендеше, мұндай күрт өсімге не себеп болғанын және елдегі сиқырлы қызметтердің шын бағасы қандай екенін қарастырып көрейік.

Көлеңкеден шығу ма, әлде сұраныс па?

Ресми сандардың күрт өсуін екі негізгі фактормен түсіндіруге болады.

Біріншісі – заңнамалық өзгерістер. 2024 жылдан бастап Қазақстанда көптеген өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жеңілдікпен жұмыс істеуге мүмкіндік берген Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) алынып тасталды. Сонымен қатар жылдық табысы 1 миллион теңгеден (12 АЕК) асатын адамдардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі міндеттелді. Бұл өзгеріс көптеген экстрасенстер мен балгерлерді өз қызметін заңдастыруға мәжбүр етті. Абырой болғанда, экономикалық қызмет түрлерінің классификаторында олар үшін арнайы код – ЭҚЖЖ (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші) 96.09 қарастырылған.

Екінші фактор – сұраныстың артуы. Google Trends деректері бойынша, 2024 жылы қазақстандықтар жұлдыз-жорамалдық карталар, «тағдыр матрицасы» және басқа да эзотерикалық тәжірибелер туралы ақпаратты әлдеқайда жиі іздеген. Осылайша, заңдастыру процесі халықтың қызығушылығының артуымен тұспа-тұс келді.

2,9 млрд теңгенің 2,7 миллиардын астрологтар, тарологтар, нумерологтар мен балгерлер қамтамасыз еткен. Ал экстрасенстердің үлесіне 225,7 миллион теңге ғана тиесілі болды.

Кім төлеп жатыр: халық па, әлде жұмбақ ұйымдар ма?

Ұлттық статистика бюросының деректерін талдау кезінде күтпеген жаңалықа куә болдық. Жиынтық табыстың шамамен жартысын ғана – 1,5 млрд теңгені халық төлеген, ал қалған 1,4 млрд теңге заңды тұлғалар мен ұйымдардан түскен.

Бұл факт сан түрлі жорамалға жол ашады. Жеке тұлғалардың жайы түсінікті – олар жеке мәселелерін шешу үшін балгерлерге жүгінеді. Бірақ компаниялар эзотериктерден не сұрайды? Бұл нумерологтардан бизнес-коучинг, кеңселерді «энергетикалық тазалау» немесе сәтті мәмілелерге арналған сиқырлы рәсімдер болуы мүмкін. Тағы бір тұжырым бойынша, бұл – компаниялардың эзотерика қызметін ақша шығару схемасы ретінде пайдалануы. Бұл – зерттелмеген, құпияға толы сегмент, - делінген басылым мәліметінде.

Ғажайыптың бағасы: кофеге қарап бал ашудан бизнеске «көз тиюге» дейін

Эзотерикалық қызметтер бағасы әртүрлі және ол көбіне маманның танымалдығына байланысты.

Жарнама жариялайтын порталдар мен әлеуметтік желілерде бағалар салыстырмалы түрде арзан. Мысалы:

Карта немесе кофе қалдығына қарап бал ашу – 3 000 теңге

Наталдық карта – 3 500 теңге

Қарапайым сиқырлы рәсімдер – 5 000 теңгеден бастап

Экстрасенспен сеанс немесе нумерологиялық талдау – 20 000 теңгеден жоғары

Танымалдығы жоғары, жеке сайттары бар экстрасенстер мен астрологтардың бағасы мүлде басқа деңгейде:

Көз тиюден емдеу – 30 000 теңгеден

Күрделі мәселелерді шешу (мысалы, тәуелділік) – 250 000 теңге

Жұбайын отбасына қайтару – 500 000 теңге

Бизнеске сәттілік шақыру (1 жылға) – 400 000 теңге

Мүлікті сату бойынша сиқырлы көмек – мәміле құнының 10%-ы

Деструктивті рәсімдер («қара магия») – 1 000 000 теңгеден жоғары

2,9 млрд теңгелік ресми көрсеткіш – бұл сиқырлы қызметтер нарығының тек көзге көрініп тұрған «айсбергтің шыңы» ғана. Салық реформасының арқасында бұл көлеңкелі саланың ішкі құрылымын алғаш рет аздап қана сығалап көруге мүмкіндік туды.

Қазақстанда эзотерикаға сұраныс тұрақты түрде жоғары. Бірақ бұл сұраныстың құны қандай? Көптеген адамдар сиқырға сеніп, қаржылық тұрғыдан жауапсыз шешімдер қабылдап жатады. Мұндайда бүгінгідей білім мен ғылымның дамыған, салыстырмалы түрде қолжетімді заманында қазақстандықтар неге әлі күнге дейін «сиқырлы тірекке» мұқтаж деген сауал туындайды.