Елімізде АПВ-ға қарсы қыздарды вакцинациялау басталды

25 Қыркүйек, 06:11 479

Қазақстанда жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы қыздарды вакцинациялау басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ДСМ мәліметінше, бүгінгі күні республика бойынша 11-13 жас аралығындағы 1,6 мыңға жуық қыз АПВ-ға қарсы егілді. Егілген жағдайлардың арасында иммундаудан кейін қолайсыз көріністер тіркелген жоқ.

Қазақстан Республикасының Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымын және халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың Ұлттық техникалық консультативтік тобының шешімін ескере отырып, 11 жастағы қыздар жоспарлы вакцинациялауға жатады.

Бұдан басқа, 11 жастан асқан қыздардың ата-аналарының өтініштерін ескере отырып, 12-13 жас аралығындағы қыздарды АПВ-ге қарсы толықтыра иммундау жүргізуді туралы шешім қабылданды, - делінген мәліметте.

Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес және өндірушінің нұсқаулықтарына сәйкес, АПВ-ден қорғау үшін 6 ай аралықпен вакцинаның екі дозасын алу қажет.

Бүгінгі күні АПВ-ға қарсы вакцинация еліміздің 9 өңірінде – Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Жетісу, Түркістан, Ұлытау, Ақмола облыстарында және Астана қаласында жүргізілуде.

Аудандар, медициналық ұйымдар бойынша  вакцинаны жеткізу және тарату мерзімдерін ескере отырып, 6 өңірде (Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары) АПВ-ға қарсы ағымдағы вакцинация басталды. Қалған 5 өңірде вакцинацияны  келесі аптада бастау жоспарланып отыр. 

Қазіргі уақытта елге вакцинаның бірінші партиясы 173,7 мың доза көлемінде жеткізілді.

Ағымдағы  жылдың қараша айында 175,8 мың доза көлемінде вакцинаның екінші партиясы түседі деп жоспарланып отыр.

Вакцинация негізінен мектеп оқушыларын вакцинациялаудың басқа түрлері жүргізілетін мектептердің медициналық кабинеттерінде жүргізіледі. 

АПВ-ға қарсы вакцинацияны қоса алғанда кез келген вакцинация кәмелетке толмаған баланың ата-анасының немесе оның қамқоршысының ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін ғана жүргізілетінін атап айту қажет. 

Бүгінгі күні папиллома вирусын жұқтырудың және жатыр мойны обырының дамуының алдын алудың жалғыз әдісі вакцинация болып табылатынын еске саламыз.

Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, орта есеппен 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады.

Зарина Арман
Бөлісу: