Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Ядролық технологиялар паркі» АҚ өндірушілермен бірлесе радиациялық-модификацияланған оқшаулау қабаты бар мұнай-суасты және фотовольтаикалық кабельдердің алғашқы қазақстандық өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ғалымдар бұл өнімді шығарудың жаңа технологиясын әзірлеп, қолдану қасиеттерін жақсартты. Оның басты артықшылығы – жоғары температураға төзімділік.
ЕҰУ ғалымдары кабельдік-өткізгіш өнімдердің жаңа түрлерін жасау технологиясын ойлап тапты. Радиациялық модификацияланған оқшаулағыш қабаты бар мұнай-суасты және фотовольтаикалық кабель пайдалы қазбаларды және баламалы энергия көздерін өндіруге арналған. ЕҰУ ғалымдары шетелдік әріптестерімен бірлесе инертті ортада жоспарланған өңдеу технологиясына өзгерістер енгізіп, кабельдік өнімнің пайдалану қасиеттерін жақсартты. Бұл өндіріс әдісі біздің елде қолданылмайды.
«Кабельдік-өткізгіш өнімдерін жасайтын жергілікті өндірушілер тек оқшаулағыш қабатты пероксидті біріктіру әдісін қолданады. Біз «Қазэлектромаш» ЖШС-мен бірлесіп, Қазақстанда бірінші болып радиациялық-модификацияланған оқшаулау қабаты бар кабельдік өнімнің мұнай-суасты және фотовольтаикалық түрін шығарамыз. Бұл оқшаулағыш полимердегі гель-фракцияның құрамын арттырады және кабель-өткізгіш өнімдерінің физикалық-механикалық сипаттамаларын - ыстыққа төзімділікті (теріс және оң температураларға), агрессивті ортаға төзімділікті (сілтілі, қышқылдық орта) және радиацияға төзімділікті жақсартуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті «Ядролық технологиялар паркі» АҚ инженер-физигі, жоба жетекшісі Азат Нұрқасымов.
ЕҰУ ғалымдары ғылыми жобаны коммерцияландыруды жоспарлап отыр. Өндірісті 2023 жылдың І жартыжылдығында іске қосу жоспарланып отыр.