Елімізде алғаш рет 12 күнге созылатын марафон-бәйге өтеді

26 Тамыз 2022, 13:15 1253

Бұл жаңалықпен ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Facebook-парақшасында айтты

Елімізде алғаш рет 1 200 шақырымдық марафон-бәйге өтеді. Бұл жаңалықпен ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Facebook-парақшасында айтты, деп хабарлайды El.kz.

«Бүгін өздеріңізге осы видеоүндеу арқылы жағымды жаңалығымызды, сүйінші хабарымызды жеткізудің сәті келіп тұр. Өздеріңізге белгілі, халқымыз үшін жылқы жануарының орны бөлек. «Түбіміз –түркі, түлігіміз – жылқы» дейтін қазақ атамыз тұлпарды ерекше қадірлеген. Қазақ даласында ежелгі Ботай қонысында жылқының қолға үйретілгені археологиялық қазбалар арқылы дәлелденді. Бүгінгі дүниежүзі Алаш баласын арғымақты алғаш ерттеген ел деп таниды. Осы ретте сол көшпенді бабаларымыздың заңды мұрагері ретінде ат спорты мен ат туризмін заманға сай жаңғырту мақсатында жаңа жобаны қолға алдық», - деді Дәурен Абаев.

Министрдің атап өтуінше, бүгінде әлем елдері ат жарысының түр-түрін өткізеді. АҚШ-та, Еуропада, басқа да мемлекеттерде қысқа және ұзақ қашықтыққа арналған бәйгелер көп.

«Бірақ, сол жарыстардың ішіндегі ең ұзақ қашықтық 160 шақырымнан аспайды екен. Біз соның бәрін саралай келе қашықтық 1200 шақырымнан асатын «Ұлы дала жорығы» атты 12 күндік аламан жарыс, марафон-бәйге ұйымдастыруды қолға алып отырмыз. Бұл Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, әлемде теңдесі жоқ марафон-бәйге болады деп ойлаймын. Сондай-ақ бұл аламан жай ғана ат жарысы емес. Қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртатын, рухын оятатын, Қазақстанның бай табиғаты мен тарихын зерделейтін, жаңа туристік маршурттарды қалыптастыратын тың жоба болмақ», - деді ол.

Дәурен Абаев марафон-бәйге бағытын таңдауда да ұзақ ойланғандарын айтады.

«Бұл егемен еліміздің тарихында ең ұзақ қашықтықтағы аламан болғандықтан ол еңселі елордамыздан бастау алып, киелі Түркістан шаһарына қарай аттанғанын жөн көрдік. Марафоншылар мәреге 12 күн ішінде атпен жетуі тиіс. Осындай ұзақ жолға мойымаған шын мықтылар қомақты жүлдемен марапатталады. Марафон-бәйгеге әр өңірден бір-бір команда шақырамыз. 5 шабандоздан құралған командалардың әрқайсысы өз аймағының намысын қорғауы тиіс. Жарысқа қатысу үшін qazanat.com сайтында өтінім қалдыруды сұраймыз. Аламанның толық шарттары мен ережесі осы сайтта көрсетілген. Іріктеуден өткен 20 команда 18 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласынан «Ұлы дала жорығына» аттанады», - деді министр.

Бөлісу: