Елімізде атом электр станциясын салу жобасы аясындағы жұмыс басталды. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті, деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Болжамды энергетикалық теңгерім 2023 жылға қарай қуаты 2400 мегаватқа дейінгі атом электр стансасын салу қажеттігін көрсетті. Біздің қор Үкіметтің басшылығымен аталған жобаны іске асыруға кірісті. Бұл бағыттағы жұмыс туралы мүдделі тұлғалар, журналистер және қоғам алдында баяндап отыратын боламыз», - деді Алмасадам Сәтқалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, қор басшысы қайырымдылық бағдарлама туралы айтты.
«Мемлекет басшысы қор пайдасының 7%-ы «Қазақстан халқына» қорына жіберілетінін айтты. 2018 жылдан бастап қор акцияларының мемлекеттік пакетінде дивидендтер 13 есе өсті. Биыл аталған көрсеткіш 170 млрд теңге болады. Сонымен қатар, шамамен 183 млрд теңге қайырымдылыққа және акционерлердің пайдасына өзге де бөлуге бағытталады. Қордың қайырымдылық бағдарламасы бар. Ол жұмыс «Самұрық-Қазына траст» компаниясы тарапынан жүзеге асырылады», - дейді ол.