Елімізде 655 медициналық-санитариялық нысанда мамандар жеткіліксіз

27 Ақпан, 15:25 683

Елімізде 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарында 254 медицина қызметкері жеткіліксіз, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін Үкімет отырысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының жұмысы талқыланып жатыр.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұлттық жобаның денсаулық сақтау нысандарын медициналық кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі мәселелерге тоқталды.

655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек  нысаны үшін кадрларға жалпы қажеттілік 254 медицина қызметкерін (46 дәрігер және 208 орта медицина қызметкері) құрайды. 32 көпбейінді аудандық орталық аурухана үшін – 898 медицина қызметкері (486 дәрігер және 412 мейіргер) қажет. 2023 жылы медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанына - 39 жас маман және көпбейінді аудандық орталық ауруханаға - 89 жас маман жұмысқа орналастырылды, - деді министр.

Денсаулық сақтау министрі биыл осы бағыт бойынша жұмыс істеу үшін 215 грант иегерін жіберуді жоспарлап отырғанын айта кетті.

2024-2025 жылдары ұлттық жобаның 2 бағыты мен нысаналы бөлу бойынша және әкімдер гранттарының есебінен бейінді мамандық бойынша 486 дәрігермен және 323 орта медицина қызметкерімен қамтамасыз етілетін болады. Әлеуметтік пакеттер өңір қаражатының есебінен көзделеді (тұрғын үй, көтерме төлемдер және т.б.). Осы мәселеде  әкімдердің қолдауы қажет, - деді Ақмарал Әлназарова.

Миражан Махан
Бөлісу: