Елімізде 600 мыңға жуық педагог еңбек етеді

4 Қазан, 11:12 593

Бүгінгі таңда елімізде барлық білім беру ұйымдарында 600 мыңға жуық педагог еңбек етіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның ішінде 399 247 педагог мектептерде, 41 155 педагог техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында сабақ береді. Мектепке дейінгі мекемелерде 100 566 тәрбиеші жұмыс істейді. 

Елімізде жекелеген пәндер бойынша 3000-ға жуық мұғалімге сұраныс бар, алайда жыл сайын жоғары оқу орындары мен колледждерді бітіріп шығатын педагогика саласы мамандарының саны бірнеше ондаған мыңнан асып түседі.

Осы ретте оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Жедел желі» бағдарламасына сұхбатында кейбір өңір мектептерінде бастауыш сыныптар мен математика, ағылшын пәндерінің мұғалімдеріне сұраныс барын, ал бірқатар пән мұғалімдері бойынша керісінше ұсыныстың сұраныстан артық екенін айтты. Министр сондай-ақ білім сапасының мұғалімге тікелей байланысты екенін және мемлекет тарапынан оқытушылардың сапалы құрамын қалыптастыру бойынша барлық жағдайдың жасалып жатқанын жеткізді.

Айта кетейік, 2019 жылы желтоқсанда қабылданған "Педагог мәртебесі туралы" заң ұстаздың мерейін өсіріп, мәртебесін көтерді. Заңның арқасында соңғы жылдары мұғалімдердің еңбек жағдайы жақсарып келеді. 2023 жылдан бастап 5 қазанда ұстаздар күні атап өтіледі.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: