Елімізде 5,3 мыңнан астам адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алды

11 Шілде 2023, 02:15 1235

2023 жылдың басынан 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 5 316 грант берілді. 2023 жылы барлығы 9 000 грант беру жоспарлануда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметінің мәліметінше, бірінші және екінші лек бойынша гранттар алуға өтінімдер осы жылғы наурыз және мамыр айларында бекітілген кестеге сәйкес қабылданды.

Осылайша, өткен екі лек шеңберінде үміткерлерден барлығы 51,2 мың, оның ішінде көпбалалы отбасылардан – 30,1 мың, мүгедектігі бар адамдардан – 8,7 мың, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын адамдардан – 6,1 мың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан – 2,7 мың өтініш қабылданды. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған 2,01 мың адам, 160 қандас және 506 қоныс аударушы өтініш берді.

Өтінімдердің ең көп саны Түркістан (11,6 мың) және Жамбыл (5,5 мың) облыстарының және Шымкент қаласының (6 мың), ең аз саны Ұлытау (365) және Ақмола (611) облыстарының үміткерлерінен келіп түсті.

Мемлекеттік грант – нысаналы мақсаты жаңа бизнесті бастау және дамыту болып табылатын қайтарымсыз берілетін бастапқы капитал. Грант мөлшері 400 АЕК-ке дейін (1 380 000 теңге). Әрбір қатысушы оны тек бір рет қана ала алады.

Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

Үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады. Комиссия отырысының өткізілетін орны, күні мен уақыты туралы хабарлама Business.enbek.kz порталында грант алуға өтініш берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі.

Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай критерийлер бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.

Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады.

Комиссияның шешімі үміткердің Business.enbek.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда үміткер банктік деректемелерді ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы есептерді ұсынады. Мұның бәрі халықты жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.

Грант алу үшін өтініштерді қабылдау лектер бойынша жүзеге асырылады. Келесі лек осы жылдың қыркүйек айында болады деп күтілуде. Бұл ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру шеңберінде облыстар мен мегаполистер деңгейінде 20 еңбек мобильділігі орталығын құруға және 2023 жылғы шілдеде қазіргі халықты жұмыспен қамту орталықтарын олардың филиалдары ретінде қайта құрылуына байланысты болып отыр.

Грант алуға өтініштерді қабылдауды бастау туралы хабарландыру ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі органдардың ресми интернет-ресурсында өтініштерді қабылдаудан 10 күнтізбелік күн бұрын жарияланатынын атап өту қажет. Business.enbek.kz порталында өтініштерді қабылдау мерзімі әр лекте 10 (он) жұмыс күнін құрайды.

Берік Арманов
Бөлісу: