Елімізде 4,4 млн адамның зейнетақы және жәрдемақы мөлшері артады

1 Қаңтар 2023, 11:35 1463

Зейнетақы төлемдерінің жиынтық мөлшері жыл басынан бері орта есеппен 12%-ға өсті

Осы жылы 4,4 млн адамның барлық зейнетақы және жәрдемақы түрлерінің мөлшері артады. Бұл мақсаттарға республикалық бюджетте 4,6 трлн теңге қарастырылған, деп хабарлайды El.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтсақ, жылдың басынан бастап зейнеткерлер үшін ынтымақты зейнетақы мөлшері 10,5%-ға артты. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін (158,7 мың теңгеден 189,8 мың теңгеге дейін) ұлғайтылды.

Базалық зейнетақы мөлшері жыл сайынғы ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуын, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оны ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54%-дан 60%-ға дейін ұлғайтуды ескере отырып өсті.

Нәтижесінде зейнетақы төлемдерінің жиынтық мөлшері жыл басынан бері орта есеппен 12%-ға өсті, бұл ретте зейнетақылардың ең төменгі мөлшері 68,2 мың теңгеден 77,4 мың теңгеге дейін артты. Бұл өсім зейнеткерлердің барлығына қатысты болды.

Жәрдемақылардың мөлшері де өзгерді. Мәселен, ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуына байланысты мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін төлемдер өсті.

Жұмыс істейтіндермен қатар, жұмыс істемейтін әйелдерге де төленетін бала тууға мемлекеттік қолдау мөлшері өсті, енді ол: бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК немесе 131 100 теңгені (2022 жылы – 120 840 теңге), төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК немесе 217 350 теңгені (2022 жылы – 200 340 теңге) құрайды.

Бұдан басқа, республикалық бюджеттен жұмыс істемейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалады, оның мөлшері осы жылдан бастап АЕК-тің өсуін ескере отырып 8,5%-ға ұлғайды.

Жәрдемақы алушылардың көп бөлігін құрайтын жұмыс істейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалады. Бұл ретте биылдан бастап Президенттің тапсырмасы бойынша аналарды әлеуметтік қолдауды арттыру үшін аталған төлемді төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды.

Қазақстанда мүгедектігі бар балаларды және олардың отбасыларын қолдау үшін оларға кәмелетке толғанға дейін арнайы жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 2023 жылы 56 794 теңгені құрайды.

Жаңа жылда көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақылардың мөлшері АЕК мөлшеріне өсті және келесідей: 4 баласы бар отбасыларға – 55 304 теңге (бұрын 50 976 теңге), 5 балаға – 69 138 теңге (бұрын 63 728 теңге), 6 балаға – 82 973 теңге (бұрын 76 479 теңге), 7 балаға – 96 807 теңге (бұрын 89 231 теңге), 8 және одан кейінгі әр балаға 13 800 теңге (бұрын 12 720 теңге) төленеді.

Тағы бір жаңашылдықтың бірі ретінде «Отбасының цифрлық картасын» бөліп қарауға болады. Соның арқасында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі қызметтер проактивті форматта көрсетіледі, яғни азаматтарға тиісті мекемелерге жүгіну қажет болмайды. Мемлекеттік қолдау бірқатар индекстер мен критерийлер негізінде айқындалатын отбасының немесе азаматтың әл-ауқат деңгейіне сүйене отырып көрсетілетін болады.

EL.KZ
Бөлісу: