Елімізде 25 әуежай мен 6 тікұшақ айлағы жұмыс істейді

15 Қараша 2022, 14:29 985

Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі мәлім етті

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің қызметімен танысып, акционерлік қоғамның ұжымымен жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды El.kz

Әуе тасымалына сұраныс жыл сайын ұлғайып келеді. Сол себепті ҚР ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасына сәйкес артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін отандық әуе кемелерінің паркі жаңа ұшақтармен толықтырылып жатыр. Сондай-ақ рейстердің кешігу фактілеріне байланысты шағымдарды ескере отырып, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тарапынан тиісті тергеулер жүргізілді.

«Қазақстанның авиациялық билігі халықаралық стандарттардың жоғары деңгейіне сай болуына байланысты жақсы жұмыс атқарды. Қазір Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі комитетімен өзара тығыз байланыс орнатылған. Десе де алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен халық үшін қолайлы жағдай жасау мәселелеріне басымдық беріп келеді. Сонымен қоса еліміздің Президенті ұшу географиясын кеңейту мен рейстер санын ұлғайтуға байланысты жұмысты жалғастыруды тапсырды», деді ведомство басшысы Қ.Өскенбаев.

Өз кезегінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду жүргізіліп жатқан жұмыстар мен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді іске асыру туралы жеткізді. Оның айтуынша, осы жылдың басынан бастап Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы тікелей рейстерді іске қосу үшін FAA (IASA) алдағы халықаралық ұшу қауіпсіздігін бағалауға дайындық шеңберінде техникалық әлеуетті арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев айтқандай, тексеру қорытындысына сәйкес Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84%-ға дейін арттырды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 15%-ға жоғары.

Бұл орайда авиациялық әкімшілік азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігінің техникалық бақылауы мен қадағалау жұмыстарына жауапты екенін айта кетейік. Қазір ҚР Мемлекеттік тізілімінде 912 әуе кемесі бар. 75 кеме тұрақты жолаушылар рейстерін жүзеге асырады. Тұтастай алғанда, елімізде 25 әуежай мен 6 тікұшақ айлағы жұмыс істейді.
Кездесуді қорытындылай келе министр аталған саланы дамыту бойынша бірқатар міндетті атап, Азаматтық авиация комитетіне авиациялық әкімшілікпен бірлесіп, ұшу қауіпсіздігі мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

«Рас, қазір әуе көлігінде жолаушылар ағынының артуы байқалып келеді. Сондықтан әуе кемесінің паркін ұлғайту және қазақстандық әуе компаниялардың тасымалдау сыйымдылығын арттыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет», деп түйіндеді Қ.Өскенбаев.

EL.KZ
Бөлісу: