Елімізде 2022 жылы білім және ғылым саласында не өзгереді

2 Қаңтар 2023, 18:10 2810

Жоғары оқу орындарының студенттері үшін шәкіртақы 20%-ға өсті

ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлігі 2022 жылға қорытынды жасады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі министрліктің Фейсбук парақшасына сілтеме жасап.

• ҚР Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылды. 2022 жылғы 11 маусымда тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды.

• 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері үшін шәкіртақы 20%-ға, магистранттар мен докторанттарға – 15%-ға өсті.

• Қазақстандық ғалымдардың жалақысы 70%-ға өсті. Енгізіліп жатқан қаржылық реформалар 1200-ге жуық жетекші ғалымдардың жалақысын 70 пайызға – 152 мың теңгеден 257 мың теңгеге дейін көтеруге мүмкіндік берді.

• 2022 жылдың қыркүйегінде Маңғыстау облысы «Мамандығым – Болашақым» жобасының басталғанын хабарлады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

• Жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары Қостанай облысында дала өртінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауды ұйымдастырды.

• 2022 жылдың қазан айында Астанада Болон процесі (BFUG) өкілдерінің қатысуымен Орталық Азия университеттері ректорларының конференциясы өтті. Конференция жұмысы Орталық Азиядағы білім беру саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту бойынша одан әрі қадамдарды дамытуға бағытталған.

• Coursera, Huawei, Binance Academy және Microsoft компанияларымен меморандумдарға қол қойылды.

• Министр Саясат Нұрбек Е.А.Бөкетов атындағы университетте және М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалында дәріс оқыды. 2022 жылғы 28 қазанда Көкшетауда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ақмола облысының халқымен кездесіп, жоғары білім беру жүйесінің даму перспективаларын талқылады.

• Шығыс Қазақстандағы тұңғыш университет 70 жылдық мерейтойын атап өтті. Айтулы шараға министр Саясат Нұрбек қатысты.

• Қазақстанда Ғылым және жоғары білім министрі деңгейінде омбудсмен институты – Студенттердің құқықтары жөніндегі уәкіл пайда болды.

• Мемлекет басшысының Францияға сапары аясында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің қолдауымен Парижде жетінші қазақ-француз университетаралық форумын өткізді. Форум нәтижесінде Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы университеттері, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ француз серіктестерімен өзара түсіністік туралы 14 меморандумға қол қойылды.

• Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-не ғылыми-зерттеу университеттері мәртебесі берілді.

• Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Осылайша, Петропавлда University of Arizona филиалы ашылды. С. Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университетінің базасында М. Губкин атындағы РМУ филиалы ашылды, ал Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы құрылды. 

• Студенттік жатақханаларда орын тапшылығы мәселесін шешу бойынша жүйелі шаралар қабылданды. МЖӘ тетігі арқылы жатақханалар салу кезінде бизнес өкілдері үшін жаңа шарттар бекітілді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша төсек-орынға қажеттілік 87 мыңнан 75 мыңға дейін төмендеді.

• Ұлттық Ғылым академиясының мемлекеттік мәртебесі қайтарылды. Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясы жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналады.

EL.KZ
Бөлісу: