Елімізде 19 мың кітапханашы тұңғыш рет кәсіби мерекесін атап өтті

24 Қазан 2022, 20:03 1461

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев кітапханашыларды құттықтады

Бүгін еліміздегі 19 мың кітапханашы тұңғыш рет кәсіби мерекені атап өтуде. Бұл мерекелік дата кітапханалардың жұмысын жандандырып, сала мамандарының беделін арттыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен бекітілді, деп хабарлайды El.kz Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап. 

Салтанатты іс-шара аясында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев кітапханашыларға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыстады және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапаттады.

«Мен еліміздегі 70 миллион дана кітап қорына қамқорлық танытып жүрген барша кітапханашыларды  кәсіби мерекемен құттықтаймын. Менің ойымша, кіптапхана ісінің қажеттілігіне және кітапхана ісінің күрделілігіне ешкім күмән келтірмейді.  Дегенмен қоғам арасында «кітапханалардың ғасыры аяқталды, олардың қызметі қағаз тасығыштар дәуіріндегі атавизм ретінде ескіреді, интернет пен цифрлық трансформация арқасында қоғамдық кітапхананың орнын бір ғана смартфон баса алады» деген сынды теріс пікірлер бар. Мен мұндай пікірмен түбегейлі келіспеймін. Жалпы, технологияға көзсіз табыну мен цифрға деген соқыр сенім біздің ұрпақтың санасын құндылықтарға терең бойлауға мүмкіндік бермей, адастырады деп санаймын», – деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, қазіргі заманғы көпшілік кітапхананың функционалдығы кітаптарды сақтау, жүйелеу, цифрландыру және оқырмандарға ұсыну шеңберінен әлдеқайда көп бағытты қамтиды. Бұл ретте МСМ кітапханалар жұмысының жаңа қағидаттары мен стандарттарын кезең-кезеңімен енгізумен айналысуға дайын.

«Кітапхана – бұл білімге үңіліп, саналы түрде, жайлы ортада оқуға келетін ғибадатхана. Біз күнделікті күйбең тірлік қарбаластан арылып, руханият әлеміне енуге мүмкіндік туғызатын қастерлі орын. Сондықтан біз кітапхана ісін қолдайтын боламыз. Бұл біздің берік ұстанымымыз», – деп түйіндеді министр.

Айта кетейік, елімізде 11 мыңнан астам кітапхана жұмыс істейді. Оның 7 мыңнан астамы білім беру жүйесіне қарасты, 3 мыңнан астамы мәдениет және спорт саласына қарасты.

Бөлісу: