Елімізде 180 индустриалды жоба іске асырылмақ

15 Қараша, 15:45 344

Жыл соңында жалпы құны 1,2 триллион теңгені құрайтын 180 индустриалды жоба іске асырылмақ. Президент бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атап айтқанда, катодты мыс (Қарағанды облысы), ферроқорытпа (Павлодар облысы), жүк көліктерінің бөлшектері (Қостанай облысы), цемент, бағалы металл өңдеу өндірісі (Жамбыл облысы) секілді ірі зауыттар жұмыс істей бастайды. Қазіргі уақытта вольфрам кенін қайта өңдеу (Алматы облысы), Chevrolet Onix автокөлік маркасын құрастыру (Қостанай облысы), мыс концентраты (Жамбыл облысы), жылу оқшаулағыш материалдары (Алматы облысы) және қыш тақталары (Шымкент қаласы) өндірістері пайдалануға берілді. Атырау облысында полипропилен шығаратын зауыттың ашылуы мұнай-газ химиясы саласының толықтай қалыптасуына ықпал етті. Алдағы уақытта полиэтилен мен бутадиен өндіру жоспарланған. Маңғыстау облысында еуропалық консорциумның қатысуымен «жасыл» сутегі өндірісі жобасы жүзеге асырылады. Осылайша елімізде озық халықаралық стандарттарға сай және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнім өндіретін жаңа кәсіпорындар құрылып жатыр, - деді ол.

Мемлекет басшысының сөзінше, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру үшін ауқымды жұмыс жүргізілуде.

Осы мақсатта «Отан», «Наурыз» және «Асыл мекен» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары ашылды. Сондай-ақ көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 17 мыңнан астам отбасының баспана мәселесі шешімін тапты, - деді ол. 

Мадина Асылбекова
Бөлісу: