Алакөл мен Балқаш көлдеріне демалушылар қатарының артуына байланысты Жетісу жолдарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жазғы туристік маусымның басталуына байланысты Жетісу облысында полиция қызметкерлері Алакөл мен Балқаш көлдеріне баратын бағыттарда жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық іс-шараларды күшейтілген режимде жүргізіп жатыр.
Туристер легінің артуына байланысты негізгі автожолдарға жақын орналасқан аудандарда қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Патрульдік полицияның қосымша жасақтары тартылып, мобильді бекеттер орнатылды, тәулік бойы патрульдік бақылау ұйымдастырылған. Назардың негізгі бөлігі жол қозғалысы ережелерінің сақталуына аударылуда. Полицейлер жүргізушілермен күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жылдамдықты асырмау, көлікті мас күйінде басқармау, қауіпсіздік белдігін тағу, сондай-ақ жаяу жүргіншілерге жол беру қажеттігін ескертіп отыр, - деп хабарлады өңір әкімдігі.
Туристердің қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін полиция қызметкерлері ресми кемпингтер мен демалыс аймақтарының орналасқан жерлері туралы ақпарат беруде. Іске асырылып жатқан кешенді шаралар жол-көлік оқиғаларын азайтуға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ жолда жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.