Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин ресейліктердің Қазақстанға көшуіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz.
«Бұл жағдайды жақсы не жаман деп қарастыра алмаймыз. Қазіргі таңда ресейліктер Қазақстанға ғана емес, Грузия, Өзбекстан мен Қырғызстан және басқа да алыс-жақын елдерге көшіп жатыр. Олар да жақсы жағдайдан көшіп жатқан жоқ, сондықтан түсінуге тырысуымыз керек.
Сондай-ақ көрші елдерде болып жатқан түйткілдерге байланысты еліміздегі жағдайлар бақылауда болатынын атап өтті.
Айта кетейік, ресейліктердің Қазақстанға көшіп келуіне байланысты елдегі жалдамалы пәтерлердің бағасы шарықтап кетті. Бұл мәселе бүгін Үкімет отырысында да қаралды.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пәтер иелері мен жалдап тұратын адамдар арасында қағаз түрінде келісім шарт болуы қажет екенін айтқан. Алайда біздің елде келісім шарт бойынша пәтер жалға беретіндердің саны өте аз екені жасырын емес.