Елге 7000-нан астам архивті құжат шетелден әкелінді

4 Қараша 2022, 11:01 2772

Қазіргі уақытта құжаттарды арнайы базаға сақтап, цифрландыруда

«Архив – ел тарихының қазынасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды El.kz.

Конференцияға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, мемлекеттік мұрағат қызметкерлері, ғылыми қоғам өкілдері, өлкетанушылар қатысты.

Іс-шара аясында ғылыми археографиялық зерттеулер, шетелден құжаттарды сатып алу және ғылыми айналымға құжаттық дереккөздерді енгізу мәселелері талқыланды.

«Биыл елімізге 7000-нан астам құжат шетелден әкелінді. Оның барлығы Ұлттық архивтегі 83-ші қорға жиналды. Сол қор арқылы болашақта  ғылыми айналымға енгізу, зерттеу-зерделеу жұмыстарын бастаймыз.  Арнайы базада құжаттар цифрландырылып, сақталады. Нәтижесінде, ғалымдар оны қашықтықтан оқып, зерттеу жұмыстарын жүргізе алады. Елге  әкелінген құжаттардың ең көнесі 971 жылғы құжаттар. Сонымен қатар, сол замандағы жасалған әлем карталары әкелінді. Бірқатар құжаттарда бұрыңғы астанамыз, қалаларымыз туралы деректер қамтылған. Құжаттардың көбісі төте жазумен жазылған», – деді Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері комитетінің төрағасы Қуат Бораш.  

«Архив-2025» фотоқұжат көрмесіне шолу, сондай-ақ кітап басылымдарының: Қазақстанның қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған 12 томдық шығармалар жинағы; «Отанына оралған құжаттық қазына» құжаттар мен материалдар жинағының тұсаукесері болды. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мемлекеттік мұрағат қызметкерлерін марапаттады.

 

Миражан Махан
Бөлісу: