Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартылған әлемдік рейтингті жариялады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина әлемнің үздік бес теннисшісінің қатарына енді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Эр-Риядта өткен маусымның қорытынды турнирінде жеңіске жеткен Рыбакина америкалық Джессика Пегуланы артқа қалдырып, бесінші орынға көтерілді. Бұл оның жеке көрсеткіштеріндегі ең үздік нәтижелердің бірі.
Қазақстандық спортшы бұған дейін рейтингте 3-орынға дейін көтерілген еді. Енді ол сол деңгейге қайта оралуға біртабан жақын.
Жеңістен кейін теннисші алдағы маусымда жоғары нәтижелерге ұмтылатынын айтты:
Бұл титул мені бұрынғыдан да көбірек еңбектенуге ынталандырады. Біз биыл жақсы жетістіктерге жеттік. Кей сәттерде өзімді ең бабында сезінбесем де, ойын деңгейін сақтап қалдым. Маңызды матчтар тәжірибе жинауға көмектесті. Келесі маусымда осы қарқыннан таймауға тырысамын, - деді Рыбакина.
Танымал бапкер Рик Маччи әлеуметтік желіде Рыбакинаның әлеуетін жоғары бағалап, оның 2026 жылы әлемнің бірінші ракеткасы атануға толық мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
Қазіргі таңда WTA рейтингінде Арина Соболенко көш бастап тұр, екінші орында - Ига Швентек, ал үшінші сатыда - Кори Гауфф.
Тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева 73-орында қалды.
Жұптық сында Анна Данилина 15-орынға төмендесе, Юлия Путинцева 106-орында, Жібек Құламбаева 130-орынға көтерілді.