29.01.2026
17:36
2392
Елена Рыбакина екінші рет Australian Open финалына шықты

Елена Рыбакина екінші рет Australian Open финалына шықты

Қазақстанның бірінші ракеткасы, әлемдік рейтингте 5-орында тұрған Елена Рыбакина Australian Open турнирінің финалына жолдама алды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жартылай финалда қазақстандық теннисші әлемнің 6-ракеткасы, америкалық Джессика Пегуланы екі сетте ұтты – 6:3, 7:6 (9:7). Кездесу 1 сағат 40 минутқа созылды. Матч барысында Рыбакина 10 брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды, бес эйс жасады. Ал Пегула екі эйс орындап, төрт мүмкіндіктің үшеуін брейк-пойнтқа айналдырды.

Осылайша, Мельбурндегі шешуші ойында Рыбакина маусымдағы алғашқы «Үлкен дулыға» турнирінің титулы үшін таласады. Бұл қазақстандық теннисші үшін маусым басындағы ең маңызды сынақтардың бірі болмақ. Бұған дейін ол ширек финалда мэйджордің алты дүркін чемпионы, әлемнің екінші ракеткасы Ига Швёнтектен басым түскен.

Ал шешуші матчта Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездеседі. Соболенко жартылай финалда украиналық Элина Свитолинаны (рейтингте 12-орын) сенімді түрде жеңді – 6:2, 6:3. Арина – Australian Open турнирінің екі дүркін чемпионы (2023, 2024) әрі өткен жылғы доданың финалисі.

Айта кетейік, Australian Open-2026 турнирінің әйелдер арасындағы жекелей сындағы финалы 31 қаңтар күні өтеді. Былтырғы чемпион америкалық Мэдисон Киз биылғы жарысты ерте аяқтады – ол төртінші айналымда Джессика Пегулаға жол берген болатын.

Рыбакина финал жолдамасына иелік ету арқылы кемінде 2 150 000 аустралиялық доллар (шамамен 764 миллион теңге) сыйақыға ие болады. Егер турнир жеңімпазы атанса, оның жүлдесі 4 150 000 аустралиялық долларға (шамамен 1,47 миллиард теңге) дейін өседі. Сондай-ақ чемпионға 2000 рейтингілік ұпай беріледі.

Рыбакина Australian Open-ге осымен жетінші рет қатысып отыр және екінші рет финалға шықты. 2023 жылы Елена Аустралия ашық біріншілігінің финалында дәл осы Соболенкоға жол берген. Енді сол есені қайтаратын кез келді.