Елена Рыбакина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингте 40-орында тұрған 19 жастағы чехиялық Линда Носковамен шеберлік байқасты. Қос теннисші былтыр Франция ашық чемпионатында кездесіп, онда Елена 6:3 есебімен жеңген еді.
Бұл жолы бірінші партияны Қазақстан спортшысы қарқынды бастады — 3:0. Сол басымдылығынан сет біткенше айырылған жоқ — 6:3.
Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Рыбакина брейкпен алға шықты. Содан кейін тағы бір брейк жасап, матчты жеңіспен түйіндеді — 6:2.
Елена Рыбакина финалда қос белоруссиялық, әлемнің 2-ракеткасы Арина Соболенко немесе рейтингте 23-сатыдағы Виктория Азаренконың біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.