Елена Рыбакина әлемнің бесінші ракеткасы атанды

16 Мамыр 2023, 01:13 934

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина карьерасында әлемдік рейтингте тұңғыш рет үздік бестіктің қатарына енді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл күндері Римде «Мастерс» турнирі өтіп жатыр. Қазақстандық теннисші WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты. Осылайша ол алтыншы орыннан бесінші орынға көтерілуге мүмкіндік алды. Егер бәрі сәтті болса, Елена рейтингте төртінші орынға да шығуы мүмкін. 

Аламанның төртінші айналымда Рыбакина дүниежүзілік рейтингте 70-орында тұрған чехиялық Маркета Вондроушовамен шеберлік байқасты. Бұған дейін қарсыластар 2021 жылы Мәскеу жарысында кездесіп, онда чехиялық теннисші 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы бірінші Рыбакина есе қайтарды. Бір сағат 14 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 4 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді.

Елена Рыбакина жартылай финалдың жолдамасын әлемнің бірінші ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек немесе рейтингте 24-сатыдағы хорватиялық Донна Векичтің біреуімен сарапқа салады.

Берік Арманов
Бөлісу: