31.03.2026
16:08
110

Электронды темекі адам ДНҚ-сын өзгертеді – зерттеу

Вейпинг көбіне темекіні тастаудың баламасы ретінде ұсынылғанымен, жаңа зерттеулер оның да денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіретінін көрсетіп отыр. Мамандардың айтуынша, электронды темекі де ауыз қуысы мен өкпе обырының қаупін арттыруы мүмкін.

Көптеген елдердің денсаулық сақтау органдары вейпті дәстүрлі темекіге қарағанда зияны аз деп бағалап келген. Алайда Аустралиядағы Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің ғалымдары бұл мәселеге қатысты ауқымды зерттеу жүргізіп, оның қорытындысына қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр.

Зерттеу барысында 2017-2025 жылдар аралығында жарияланған ғылыми еңбектер сарапталған. Нәтижесінде вейп қолдану ДНҚ құрылымына өзгеріс енгізіп, жасушалардың қалыпты жұмысын бұзатыны, соның салдарынан қатерлі ісік қаупі артатыны анықталған.

Ғалымдар вейпті қауіпсіз балама деп қарастыруға болмайтынын алға тартады. Ол тыныс алу жолдарының тіндерін зақымдайды, ал бұл өз кезегінде өкпе обырын дамытуы мүмкін. Сонымен қатар ауыз қуысының микробиомасын өзгертіп, қабыну процесін күшейтеді. Ол ауыз қуысы обырының қаупін арттырады.

Ал кәдімгі темекі де шегіп, вейпті де қатар қолданатын адамдардың денсаулығына төнетін қауіп тіпті жоғары. Мұндай жағдайда өкпе обырына шалдығу мүмкіндігі шамамен төрт есеге дейін өседі.

Зерттеуде тағы бір алаңдатарлық мысал келтірілген: вейпті ұзақ уақыт пайдаланған 19 жастағы жігіт ауыз қуысының сирек кездесетін әрі агрессивті обырына шалдыққан. Әдетте адам папиллома вирусы болмаса, мұндай дерт сирек кездеседі. Бұл жағдай вейпинг пен ісік дамуы арасындағы өзара байланыс болуы мүмкін деген тұжырымды дәлелдей түсетін тәрізді.

Сонымен қатар вейпингтен туындайтын қабыну мен тотығу стресі созылмалы өкпе ауруларына, жүрек-қан тамырлары жүйесінің бұзылыстарына, артериялардың тарылуына және ми қызметінің өзгеруіне әкелуі мүмкін екені айтылған.

Дегенмен вейп пен қатерлі ісік арасындағы тікелей байланыс әлі толық дәлелденбеген. Себебі бұл технология салыстырмалы түрде жаңа, ал тек вейп қолданған адамдарға қатысты ұзақ мерзімді зерттеулер жеткіліксіз.

Соған қарамастан мамандар нақты дәлелдерді күту ондаған жылға созылуы мүмкін екенін ескертеді. Бұған дейін дәл осындай жағдай темекінің зияны дәлелденгенде де болған.

Тиісінше темекіден бас тартудың тиімді жолдарын іздеу әлі де өзекті мәселе.  Өкпе обыры жыл сайын мыңдаған адамның өмірін жалмайды, ал темекі шегу созылмалы обструктивті өкпе ауруының басты себебі болып отыр.

Айта кету керек, темекі құрамында никотин мен шайыр сияқты улы заттар көп. Олар өкпені зақымдап, қатерлі ісікке алып келеді. Ал вейпте шайыр мен көміртек тотығы болмағанымен, оның құрамында формальдегид секілді зиянды қосылыстар бар. Бұл заттар ағзада қабыну мен тотығу стресін туғызып, ДНҚ-ға әсер ету арқылы онкологиялық аурулардың дамуына ықпал етеді.