19.03.2026
10:28
1331

«Электр мен су секілді». Болашақта ЖИ-дің өзі ақылы болмақ

Жасанды интеллект болашақта электр энергиясы мен су сияқты базалық қызметке айналуы мүмкін. Сэм Альтманның айтуынша, пайдаланушылар ЖИ-ді пайдалану көлеміне қарай төлейді, яғни мұнда да «есептегіш» болады. Ол бұл туралы Вашингтонда өткен BlackRock Infrastructure Summit барысында мәлімдеді.

Альтманның сөзінше, болашақта ЖИ қызметін ұсынатын компаниялардың бизнес-моделі «токен сатуға» ұқсайды. Бұл дегеніміз – қолданушылар жүйеге енгізілген және шығарылған деректерді өңдеу үшін жұмсалатын бірліктер бойынша ақы төлейді деген сөз. Оның пікірінше, интеллект коммуналдық қызметке айналып, адамдар оны күнделікті қажеттіліктеріне сәйкес электр немесе су секілді пайдаланады.

Алайда мұндай модельде негізгі рөлді есептеу қуаты атқарады, яғни ЖИ-ге қолжетімділік чиптер мен дата-орталықтар секілді тікелей техникалық ресурстарға байланысты болады. Ал сұраныс күн санап артып келеді.

Альтманның айтуынша, егер компаниялар жеткілікті есептеу қуатын қамтамасыз ете алмаса, онда не ЖИ-ге қолжетімділік шектеледі, не оның бағасы күрт өседі. Бұл өз кезегінде технологияны тек ауқатты пайдаланушылардың игілігіне айналдыруы ықтимал немесе мемлекеттерге ресурстарды бөлу мәселесін шешуге тура келеді.

Инфрақұрылым үшін жаһандық бәсеке

Қазіргі таңда ірі технологиялық компаниялар ЖИ-ге деген сұранысты өтеу үшін жүздеген миллиард долларды есептеу инфрақұрылымына бағыттауды жоспарлап отыр.

Мәселен, AMD бас директоры Лиза Су 2026 жылғы қаңтарда өткен CES 2026 барысында әлемге 10 йоттафлопстан астам есептеу қуаты қажет болатынын айтқан. Бір йоттафлопс – секундына квинтиллион операция орындай алатын қуат, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 10 мың есе көп көрсеткіш.

Мұндай ауқымды өсім күрделі инфрақұрылымдық мәселелер тудыратыны анық. ЖИ-ге арналған деректер орталықтары шағын қалалармен тең электр энергиясын тұтынады. Ал АҚШ-та электр желілеріне түсетін жүктеме, трансформатор тапшылығы және электр желілерін салуға рұқсат алу процесінің баяулығы негізгі кедергілердің біріне айналуы мүмкін.

Илон Маск те бұл мәселеге назар аударған. Ол Moonshots with Peter Diamandis эфирінде электр энергиясын өндіру ЖИ дамуын тежейтін басты факторға айналып келе жатқанын айтты. Оның болжамынша, Қытай энергетикалық инфрақұрылымды жылдам дамытуының арқасында АҚШ-тан озып кетуі мүмкін.

Технологиялық компаниялардың ішінде де есептеу ресурстары аса құнды әрі кейде тапшы активке айналған. Инженерлер GPU-ға қолжетімділік үшін бәсекеге түсіп жатыр, ал жұмысқа үміткерлер жалақы мен акция үлесінен бөлек, ЖИ есептеу бюджеті туралы да сұрайтын болған.

Былтырғы желтоқсанда Грег Брокман компания алдағы сегіз жылда деректер орталықтарына шамамен 1,4 триллион доллар инвестиция салуды жоспарлап отырғанын айтқан. Оның сөзінше, OpenAI «әрқашан бір қадам алда болуды» көздейді, алайда қазіргі қарқынмен бұл мақсатқа жету оңай емес.

Ал Сэм Альтман компанияның басты мақсаты – жасанды интеллект дамуы есептеу қуатының жетіспеушілігімен шектелмейтін әлем құру екенін атап өтті.