Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың республикалық тамыз конференциясында мұғалімдердің ерен еңбегі туралы ерекше атап өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Cонымен қатар бұл – өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру мәселесіне арналған өте маңызды басқосу екенін айтты.
Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып жатсыздар. Бүгін мен еліміздегі ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін! Шын мәнінде, Мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр. Ыбырай Алтынсарин «Жақсы оқытушыны бәрінен де қымбат көремін» деген. Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуға тиіс, – деді мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты басты орынға шыққанын атап өтті.
Билікте де «отбасылық жүйе» жоқ» «Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін нақты реформаларды қолға алдық. Бұл – ауқымды әрі күрделі жұмыс. Бүгінге дейін біраз шаруа атқарылды. Елдегі саяси жүйе толық жаңғырды. Ұлттық экономиканың жаңа бағдары айқындалды. Қоғамымыз дамып, азаматтардың сана-сезімі өзгеруде. Мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты басты орынға шықты. Билікте де «отбасылық жүйе» жоқ. Азаматтарды қызметке тағайындау кезінде ең алдымен олардың білімі мен кәсіби білігі ескеріледі. Қазір елімізде рухы азат, ойы еркін ұрпақ өсіп келеді. Заңды сыйлау, тәртіпке бағыну қоғамның мызғымас қағидасына айнала бастады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан жаңа сипатты ел болу жолына бет бұрды. Бірақ өзгерістерді жасау – бір бөлек болса, оны біржола орнықтыру – бір басқа мәселе. Ол үшін, ең алдымен, қоғам санасы түбегейлі жаңғыруы қажет. Осы ретте сіздерге, яғни ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Себебі, нағыз «Адал азамат» мектеп қабырғасында қалыптасады, деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы соңғы төрт жылдың ішінде ұстаздардың жалақысы екі есе өскенін айтты. Өркениетті ел болу үшін ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керектігін де тілге тиек етті.
Мен білім беру саласына айрықша мән беремін. 2019 жылы Президент ретінде қабылдаған алғашқы шешімдердің бірі ұстаздарға қатысты болғанын білесіздер. Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді. Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп салынды. Тағы 30-ға жуығы салынып жатыр. «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды, – деді ол.
«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленіп, бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болғанын жеткізді.
Былтыр 2 ұстаз «Қазақстанның Еңбек ері» атанды. Бұл – барша педагогтер қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісі. Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту әрдайым басты назарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы 2 есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы қолға алынды. Осы жобаға қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс, – деді президент.