Елді мекендерде су тапшылығы мәселесі қалай шешіледі? Министр жауап берді

9 Ақпан, 21:44 770

Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды ауылының тұрғындары су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші төмен екенін айтып шағымданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, сумен ауыл халқының 30-40%-ы ғана қамтылып отыр. Өткен жылы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі дайындаған елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы мемлекеттік сараптамадан өткен жоқ. Министр жауапты ведомстволық бағынысты ұйымдарға бұл мәселені бақылауға алуды және жергілікті атқарушы органдармен бірге пысықтауды тапсырды.

Ал Түркістан облысы Бәйдібек ауданының тұрғындары Алмалы ауылдық округіндегі иесіз су қоймасына назар аударуды сұрады. Бұрын мұнда байыту фабрикасы болған, сондықтан суда химиялық заттардың концентрациясы көп. Ауыл тұрғындары қалдықтар сыртқа төгілуі мүмкін деп алаңдаулы. Нұржан Нұржігітов министрлік бұл мәселені мұқият зерттейтінін және ведомство мамандары Түркістан облысына баратынын мәлімдеді.

Ақмола облысы Целиноград ауданы Қараөткел ауылының тұрғындары елді мекенде су тапшылығы мәселесін шешу үшін және су тасқынынан қорғау мақсатында бөгет салу жөнінде ұсыныс айтты. Жергілікті атқарушы органдар Қаржы министрлігіне өтінім берген.

Су шаруашылығы комитетіне бұл мәселені бақылауға алуды тапсырдым. Бөгет салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама келесі жылдан кешіктірмей дайын болады деп ойлаймыз. Сондай-ақ, жергілікті көлдердің суын заңсыз пайдалану фактілерін зерделеу үшін Су шаруашылығы комитетінің өкілдері Қараөткелге барады, - деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Сонымен қатар кездесуде фермерлерді субсидиялау және Қызылорда облысының Манап ауылдық округіндегі бөгетті реконструкциялау мәселелері көтерілді.

Перизат Саденова
Бөлісу: