Елде 1200-ден астам адам қар құрсауынан құтқарылды

8 Қаңтар 2023, 08:40 1193

Олардың 173-і балалар екені белгілі болды

Бір апта ішінде ел аумағында 1212 адам қар құрсауынан құтқарылды, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.  

3-5 қаңтар аралығында полиция қызметкерлері төтенше жағдай қызметтерімен және Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, 1212 адамды эвакуациялады. Олардың 173-і балалар. Шамамен 100 автокөлікті қардан сүйреп шығарды. Осыған орай азаматтардан жолдағы жағдайды алдын ала біліп, аса қажеттіліксіз ешқайда шықпауды тағы да сұраймын. Жол қателікті кешірмейтіндігін есте сақтаған жөн, - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев.

Айтуынша, ауа райының нашарлауына байланысты жабық учаскелер туралы сенімді ақпаратты 112, 102 телефондары арқылы, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының байланыс орталығының 1403 телефоны арқылы білуге болады.

Жол және төтенше жағдай қызметтері полициямен бірлесіп, көлік құралдарының қозғалысын тоқтату немесе уақытша шектеу туралы шешім қабылдайды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері жол қызметтерімен бірге жолдардың жабық бөліктеріне көлік құралдары мен адамдарды өткізбеу бойынша шаралар қабылдап, көлік құралдарының қауіпсіз және кедергісіз жүруіне жағдай жасайды, - деді Қайсар Сұлтанбаев.

EL.KZ
Бөлісу: