Елдар Сапаров: Жеңімпаз атану – үлкен жауапкершілік

6 Қаңтар 2020, 12:40 5103

Жеңімпаз жоба туралы ойымен бөлісті

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысқандардың барлығы да әр саланың үздіктері, «Еңбектің наны тәтті» деген ұстаныммен жүрген ел азаматтары. Солардың бірі – Елдар Сапаров. Жоба жеңімпазы қоғам ішінде өте белсенді. Ол – «Алматы облысының азаматтық альянсы» ЗТБ директоры, Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты, халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы. Сонымен қатар бірнеше әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырушы. Ел үшін адал еңбек етіп жүрген адамды халық та тануға тиіс.

Суретте: Елдар Сапаров

 Елдар мырза, Сіз үшін «100 жаңа есім» қандай жоба?

 Сәлеметсіз бе! «100 жаңа есім» мен үшін де, халық үшін де ерекше жоба. Бізде «Бейбіт күннің батырлары» деген ұғым бар. Ол біреуді құтқарып, ерлік жасау емес. Елбасының бастамасымен жүзеге асырылған түрлі жобалар бар: дамыған 50 елдің қатарына уақытынан бұрын кірдік. Ендігі мақсат – 30 елдің қатарына кіру. Сол үшін әрбір қазақстандық өз үлесін қосып келеді. Әр адам өз қызметіне адал болып, сапалы нәтиже беретіндей еңбек етсе, сонда ғана елімізді дамытуға мүмкіндік аламыз. Жобаны халықтың қабылдауы да жақсы. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі айтып өткендей: «100 жаңа есім» 100 атақты есім емес». Ел ішінде байқалмай, көзге ілінбей жүрген, халыққа еңбегі білінбейтін азаматтар әрбір қазақстандықтың істеп жатқан жұмысының өзіндік мағынасы бар екенін сезінеді деп ойлаймын. Бұл тек қана жеңімпаздар емес. Яғни жоба арқылы бүкіл қоғам сезінуі керек. 

 «Қазақстанның 100 жаңа есімі» болған қандай екен, қандай сезімдесіз?

 «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысайық», - деген ұсыныс түсті. Әріптестеріммен ақылдасып, ерікті түрде, барлық жауапкершілікті сезіне отырып жобаға қатыстым. Жеңіске жету үшін барынша жұмыс істедік. Шыны керек, «Сіз жеңімпазсыз», - деп хабарлаған кезде өте қатты қуандым. Өйткені мен дауыс беру бойынша 11 000 дауыс жинап, 40-шы орында тұрдым. Үміт үзілді. «Болмайтын шығар», - дедім. «Неге мен дұрыс жұмыс істемедім, әлде халықпен дұрыс жұмыс істей алмадым ба», - деген өкініш пайда болды. Мен үшін жеңіске жеткенім күтпеген жағдай. «100 жаңа есім» деген атқа лайық болу – үлкен үміт, жүгі ауыр. Себебі жобаның мақсаты – жеңімпаздарды бүкіл Қазақстанға үлгі ету. Сондықтан жеңімпаз атану – үлкен жауапкершілік! Жеңіске жеткенімді естігеннен соң өзіме: «Мен шын мәнінде «100 жаңа есім» атағына лайықтымын ба, неге лайықтымын», - деген сұрақ қойдым. Рас, қуандым. Лайықтымын деп толық айту мен үшін тым қиын. Дегенмен лайық болуға тырысу – бүгіннен бастап, менің үлкен мақсатым.

 Жобаның мән-маңызы неде деп білесіз?

 Жобаның мән-маңызы – бірнеше адамды дүйім жұртқа үлгі ету. Мен үшін бұл жоба – белгілі бір адамдардың мысалында халыққа өзінің қызметтегі көрсеткен еңбегінің маңыздылығын, «100 жаңа есім» болуға лайықты екенін көрсету. Түпкі мақсаты – әр адам өз күшін, қуатын сезініп, жұмысын жақсы көріп істеу. Яғни олардың ойында: «Менің осы ісім елімнің өркендеуіне кішкене болсын үлесін тигізуде» деген патриоттық ұстаным қалыптасуы керек. 

 Жастар жылы несімен есте қалды?

 Жастар жылында бірнеше жақсылықтар болды. Жабылуы қарсаңында студенттердің шәкіртақысын көтерді. Мен кеше ғана PhD докторантурасын аяқтадым. Шынымен, шәкіртақымыз бұрын 80 мың еді, қазір 100 мыңның үстінде. Бұл жақсы білім аламын деген адамға үлкен мүмкіндік. Сондай-ақ оны керегіне жарата алады. Одан бөлек, Жастар керуені немесе басқа да түрлі әлеуметтік шаралар өтті. Барлығын үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырды. Олармен тығыз қарым-қатынаста болдық. Әйткенмен, меніңше, мәселе бір күндік не апталық форум, жиын өткізу емес. Жастар жылының мақсаты – жастарға көңіл аудару. Біреудің жүрген ізін басып, біреудің шаңын жұту біздің жастардың таңдауы болмауы керек. Біздің жастар өзінің сара жолын салуы тиіс екендігін Елбасы өз сөзінде айтқан болатын. Расымен, Жастар жылы болғандықтан, биылғы жылғы 100 есімді қарасаңыз, үміткерлер – тек біз секілді, жас азаматтар. Арамызда 19 жастағы студент те бар. Яғни бұл жыл жастарға көңіл аударуға мүмкіндік сыйлағанымен ерекше. Барлық жерде жастарға деген көзқарас өзгерді. Жастар да аға буын ұрпаққа ертеңгі күні Қазақстанға жақсы ие болатынын, елімізді одан әрі қарай дамытатынын, бүгінгі істеп жатқан жұмыстарын келешекте еселей түсетінін және оған өздерінің білімі мен күштері жететінін көрсетті.

 Қазақстандық жастардың деңгейі қандай?

 Өзім әлеуметтік зерттеу жүргізбегендіктен Қазақстандық жастардың деңгейін кесіп айту өте қиын. Ел болған соң әртүрлі жағдайлар болады. Жастар жылының жабылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маргиналды NET тобындағы жастар: не жұмыс істемейтін, не оқу оқығысы келмейтін жастардың саны артып келе жатқанын айтты. Жас депутат ретінде бұл мемлекеттің болашағы үшін өте қауіпті месседж деп санаймын. Себебі жастарымыз түк істемесе, жалқауланса, былайша айтқанда жай ауа теуіп жүрсе, мемлекеттің алдағы күні күмән тудыруы мүмкін. Мемлекет басшысы тапсырма берді. Елімізде қызмет істеп жүргендер мен шетелде білім алып жатқан азаматтар – экономикалық белсенді топ мүшелері. Солардың барлығы бірігіп NET жастарының азын-аулақ пайызын болса да жоюымыз керек. Оларға алдымен курстар мен оқу бағдарламаларын жүргізіп, ары қарай жұмысқа орналастыру қажет. Қысқасы «100 жаңа есім» не болмаса басқа да жобалардың көмегімен NET тобындағы маргинал, жұмыссыз, жұмыс істегісі не білім алғысы келмейтін жастарға белсенді, сауатты, белгілі бір жетістіктерге жеткен жастарды көрсету арқылы олардың санасын өзгерткеніміз абзал. Ойын бұрмалап, алға мақсат қоюды үйретуіміз қажет. Сонда ғана жастардың деңгейі өте жоғары деп айтуға болады.

Автор: Аружан Мырзатай, Ruh.kz

Фото: Джамиля Мурзабекова

Бөлісу: