Елбасының қанатты сөздері: Қазақ даласы - Ұлы Түркі елінің қара шаңырағы

30 Қараша 2021, 16:00 6095

Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Қазақстан тарихы» порталы Елбасының тәуелсіздік, ел мен жер, тарих, руханият, мәдениет туралы әр жылдары айтқан қанатты сөздерін оқырман назарына ұсынады. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың әрбір қанатты сөзінде, ойларында мән-мағына бар. Тәлім алар, тағылым боларлық құндылықтар жетерлік.

Бүгiнгi өз келешегiне бет алған тәуелсiз Қазақстан – бұл бiздiң ортақ жетiстiгiмiз, бұл бiздiң ортақ мақтанышымыз! Өз сөзiмдi аяқтай келе, мен бүкiл көпұлтты Қазақстан халқына отансүйгiштiгi мен ел игiлiгi және елiмiздiң Тәуелсiздiгi жолындағы жасампаздық еңбегi үшiн алғысымды айтқым келедi.

Атырау мен Алтайдың арасындағы алып даланы жайлап жатқанда, мемлекеттің реттеуші тетіктері іске қосылмай тұрған кездің өзінде, ешқашан да, еш жерде де қазақта тайпа мен тайпа тұрмақ, ру мен ру соғысып көрмеген!

Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шыңдап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе, жастар, салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашан да достыққа адал болса, бауырмал, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік.

 Ордабасы биігінде бар қазақтың басын қосып, тірі қалу үшін ірі болу керектігін, ірі болу үшін бір болу керектігін ұрпақтан ұрпаққа ұқтырып кеткен үш ұлы биіміз – Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би – алдымен қазақтың бар баласының азаттықты мұрат тұтуын қамдаған.

Бабаларымыз өзгелердің төріне шығу үшін өзі де меймандарына қақ төрінен орын беріп, құрмет көрсеткен.

Қазақтар талай рет тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге деген құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайыра түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырып отырды. 

Ендігі жерде біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Ендігі жерде бәріміз туған жеріміз біреу – ол жалпақ қазақ даласы.

Біз Ордабасыны бабаларымыздың бастамасымен баян тапқан берекелі бірліктің құт ұясы деп білеміз.

Тарихты жеңіл-желпі аңыз сөздердің жиынтығы деп қарайтын адамдар, шынында да, тарихтан тағылым ала алмайды.

Өткен заманды аңсау емес, өзіңе етене жақын өз тарихыңды қастерлеу қажет.

Тарихтың тағылымы біздің ел қамын ойлар естілікті тілейді.                         

Адамзат өркениеті – халықтар мен мемлекеттердің тарихи аренаға келуінің, гүлденуінің және одан кетуінің үздіксіз құбылысы.

«Көшпелілер мал жайып өткен жерінің бәрін өздерінікі санай берген» дейтін сандырақты ғылыми тұрғыда әшкерелеу шарт.

Қазақтың өз төл тарихы, әдебиеті мен мәдениеті әлі талай ұрпақ үшін таусылмайтын қазына. Ұрпаққа өнеге болар өзіміздің хан-сұлтан, батыр-бағлан, би-шешен, ақын-жазушыларымыз қаншама. Ендеше, біз неге әйтеурір киіз туырлықта дүниеге келді екен деп, есте жоқ ескі дәуірдің ерлерінің жыртысын жыртамыз. Қайта, керісінше, бүгінгі ұрпаққа өз ата-бабамыздың өнегелі тарихын ұсынбаймыз ба?! Ұлттық тәрбиенің өзі осындайдан басталмаушы ма еді?!

Әр халықтың тарихында есімі мәңгі өшпестей ел жадында сақталатын тарихи тұлғалар болады. Қазақ халқының тарихындағы сондай киелі тұлғалардың бірі ғана емес, бірегейі – Абылай хан.

Біз аға ұрпақтың абыройлы істерін одан әрі жалғап, бізден кейінгі ұрпақ жаңылмай жүретін жол саламыз. Бұл жол – тәуелсіз Қазақстанымыздың гүлдену, өркендеу және даму жолы болады.

Тарихтың даңғыл жолынан Қазақстан да шет қалған жоқ. Оның ежелгі жерінде көптеген мемлекеттік құрылымдар өмір сүріп, олар да адамдар сияқты басынан балалық, жастық, кәмелеттік дәуірлерді өткізіп, құлдырау және күлден қайта бой көтеру дәуірлерін бастан кешірді.

Қазақ ұлтының бүгінге дейінгі қат-қабат тарихының мазмұны – азаттық үшін күреске сайып келеді. Елдік пен бостандық жолындағы күресіміздің байырғы скиф, ғұн, оғыз, сақ, үйсін, қаңлы, қыпшақ замандарынан кешегі шерлі Желтоқсанға дейінгі сан ғасырлық шежіресі бар.

Жұртымыз халықтығына қатер, мемлекеттігіне қауіп төніп, айдарлысы құлға, тұлымдысы күңге айналғалы тұрған сын сағатта ағайын арасындағы бұрынғы өкпе-назды сыртқа ысырып тастап, намыс туын көтеріп, ардақ тұтқан азаматының төңірегіне топтаса білген. Арғы-бергі тарихымызда оған мысал көп.

Біздің ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келеді.

Орасан зор кең-байтақ аумақты қоныстанған көшпелілер Еуразияның этностық және мемлекеттік бет-бейнесін бір емес, бірнеше рет өзгертті.

Нақ осыны маңдайымызға жазған Тарих біздің ұрпаққа тәуелсіздік бастауында тұру құрметін беріп, туған Қазақстан үшін жауапкершілікке бөледі.

Қазақ халқының ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, мемлекетіміздің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес.

Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қауымдастықтағы беделінің өсуіне қызмет етуге парыздармыз. Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын.

Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның туын, елтаңбасын, әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет.Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы.

Қасиетті қазақ жері - ата-бабаларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер.

Қазақ даласы - Ұлы Түркі елінің қара шаңырағы.

Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынты-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды.

Дереккөз:e-history.kz

Бөлісу: