07.05.2025
10:06
1674
Ел тыныштығын күзеткен Ұлттық ұланның батырлары

Ел тыныштығын күзеткен Ұлттық ұланның батырлары

Астана қаласындағы №6636 әскери бөлімінде тәртіп пен рух — күнделікті қызметтің негізі. Ал осы тәртіптің шынайы ұйытқысы, сарбаздың жан дүниесін түсінетін офицер – подполковник Нұрлан Башенов. Біз әскери бөлімге арнайы барып, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасардың күнделікті жұмысы мен сарбаздар өмірімен танысып қайттық.

Күн таңсәріден басталады. Қатар түзеген сарбаздар, қатаң режим, бір сәтке де босаңсуға болмайтын әскери өмір. Бірақ осы қатаңдықтың ар жағында сарбаздың көңіл-күйі, ішкі жан дүниесі жатыр. Сол әлемге жол таба білетін офицерлер сирек. Подполковник Нұрлан Башенов - сол санаулылардың бірі.

Әр сарбаз — біздің жауапкершілігіміздегі азамат. Олар Отан алдындағы борышын өтеп қана қоймай, осы бір жыл ішінде нағыз азамат болып қалыптасуы керек. Біз сол жолда бағыт берушіміз, - дейді подполковник Башенов.

Нұрлан Башенов бұл салада 18 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Әскери жолын Шығыс Қазақстан облысынан бастап, Павлодарда жалғастырған, бүгінде Астанада сарбаз тәрбиелеуде. Ол – әскери саладағы тәрбие ісінің қыр-сырын жақсы білетін, әр сарбаздың мінезін жазбай танитын тәжірибелі командир.

Ол тек әскери тәртіппен шектелмейді. Сарбаздардың психологиялық жағдайын бақылау, ата-аналарымен тығыз байланыста болу, қиындыққа тап болған жастың жанына демеу болу – Башеновтің басты ұстанымы.

Бізде әскери бөлімде психолог маман бар. Бірақ тәрбие жөніндегі офицер де сарбаздың жан дүниесін тануға тырысуы керек. Әскер — тәртіп пен талап қана емес, түсіністік пен қолдау алаңы да болуы тиіс, - дейді подполковник.

Әскери бөлімде Аналар кеңесі де белсенді жұмыс істейді. Кеңес төрайымы сарбаздардың жағдайын біліп, жылы сөзін жеткізіп, қажеттіліктеріне көмектесіп тұрады. Бұл бастаманың артында да Нұрлан Башенов секілді жанашыр офицерлердің еңбегі жатыр.

Сарбаз анасының аманатын арқалап келсе, біз - сол аманатқа жауап беретін адамдармыз. Әр сарбаз бізге өз үйінен үмітпен жіберілген азамат. Біз сол үмітті ақтауымыз керек, - дейді офицер сөзін қорытындылап.

Нұрлан Башенов – тәртіптің де, тәрбиенің де адамы. Ол үшін әскери форма тек киім емес, ол – борыш пен жауапкершіліктің нышаны. Ал сарбаз — болашақ. Сол болашақтың сапалы қалыптасуы — осындай жанашыр командирлердің қолында.

№6636 әскери бөлімінің тарихы Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастау алады. Егемендік алған 1990-жылдары Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері құрамында ел ішіндегі тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында бұл бөлім құрылды. 2014 жылы Президент Жарлығымен ІІМ-нің Ішкі әскерлері Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы болып қайта ұйымдастырылды​. Сол уақыттан бері №6636 әскери бөлім Ұлттық ұлан құрамында мемлекет пен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін атқарып келеді. Бөлім сарбаздары елдегі көптеген маңызды оқиғалардың қауіпсіздігін сақтауға атсалысты.

Бүгінде №6636 әскери бөлім – Ұлттық ұланның елордалық маңызды бөлінісі. Бөлімге стратегиялық маңызды мемлекеттік нысандарды күзету және қоғам тәртібін қамтамасыз ету секілді жауапты міндеттер жүктелген. Сарбаздар полициямен бірлесе отырып қоғамдық қауіпсіздік шараларына қатысады, қажет жағдайда төтенше жағдайлар кезінде көмекке келеді. Бөлім құрамында мерзімді әскери қызметтегі сарбаздармен қатар келісімшарт бойынша қызмет ететін тәжірибелі әскери қызметшілер де бар. Олар бірге қала тыныштығын қадағалап, қауіпті жағдайлардың алдын алу бағытындағы қызметті атқарады.

Сапта тұрған сарбаздар Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған: бірі – Алматы облысынан, бірі – Ақмоладан, енді бірі – Маңғыстаудан келген өрімдей жігіттер. Оларды ортақ мақсат – туған елінің тыныштығын қорғау борышы біріктіреді. Сарбаздардың айтуынша, Отанға қызмет ету – зор мақтаныш әрі өздерін шынықтырып, азамат ретінде қалыптасуға берілген мүмкіндік. Бөлімде жас жауынгерлердің рухын көтеруге және тәрбиесіне үлкен көңіл бөлінеді. Мұнда күнделікті саптық дайындықпен қатар патриоттық дәрістер, құқықтық білім беру сабақтары өтеді. Әскери бөлімнің қазіргі тыныс-тіршілігі осылайша қарбаласқа толы: бір жағынан қатаң тәртіп пен талап болса, екінші жағынан елге қызмет етудің мәртебесі мен жауапкершілігі сезіледі.

Қару ұстаған сарбаздың жауапкершілігі: №6636 әскери бөліміндегі қызмет жайлы

Ұлттық ұланның №6636 әскери бөлімінде әскери қызмет атқарып жүрген сарбаздар қатарында 24 жастағы Расул Рамазанов пен 20 жастағы сарбаз Әлішер Абдрахман да бар. Желтоқсан айында әскер қатарына шақырылған Расул қазір бөлімнің маңызды құрамында — коменданттық ротада қызмет етуде. Расулмен тілдескенімізде, ол өз ротасының ерекшелігін былайша сипаттады:

Біздің коменданттық рота — ішкі қызмет атқаратын жалғыз рота. Бұл ротаның сарбаздары автомат қаруын алады және оны қолдануға арнайы рұқсатқа ие. Олар қарауыл құрамында болып, қарауыл бөлмелерін, оқ-дәрі, радиациялық-химиялық-биологиялық қорғаныс жабдықтары, азық-түлік және мүлік қоймаларын күзетеді. Барлық маңызды нысандардың қауіпсіздігі біздің жауапкершілігімізде, — дейді Расул.

Бөлімде тек коменданттық рота ғана емес, басқа да арнайы бөлімшелер бар екен. Мәселен, РМТО ротасы полктің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне жауап береді. Ал авторота құрамында жүргізуші куәлігі бар сарбаздар қызмет етеді. Олар болашақта полк командирлерінің орынбасарларына жүргізуші болып бекітіледі немесе Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығына қызметке жолданады.

Әскери өмірге бейімделу оңай емес екені анық. Әлішер Абдрахман оқу орталығында өткізген алғашқы күндерін еске алды.

Біз әскерге келген соң, алдымен 40 күндей оқу орталығында дайындықтан өттік. Сол жерде бізге қаруды қолдану, қауіпсіздік техникасы, әскери тәртіп және қарауыл қызметінің ережелері үйретілді. Әскери қызметтің ең басты талабы — тәртіп. Бұл әр сарбаз үшін басты қағида, — дейді ол.

Әскери қызметтің бір ерекшелігі – сарбаздардың психологиялық тұрақтылығына ерекше мән беріледі. Автоматпен қызмет ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осыған байланысты сарбаздар аптасына бір рет психологпен кездесіп, арнайы тестілер тапсырады.

Әр сарбаз қарумен жұмыс істеу кезінде өзін сенімді сезінуі керек. Кейбіреулерде бастапқыда қобалжу, қорқыныш болады. Сондықтан біз үнемі психологиялық тестілерден өтіп, өзіміздің дайындығымызды пысықтап отырамыз, — дейді Әлішер.

Әскери бөлімде еліміздің әр аймағынан келген сарбаздар қызмет етеді. Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда өңірлерінен жиналған жігіттер бүгінде бір ұжым болып кеткен.

Барлығымыз тәртіпті сақтаймыз. Ұрыс-керіс, жанжал болмайды. Әркім өз орнын, өз міндетін жақсы біледі. Бәріміз тату өмір сүреміз, — деп атап өтті сарбаз.

Әскери қызметшілердің отбасымен байланысын ұмыт қалдырмаған бөлім басшылығы сарбаздарға демалыс күндері жақындарымен байланысқа шығуға мүмкіндік береді.

Әр сенбі-жексенбіде бізге отбасымызбен сөйлесуге уақыт бөлінеді. Үйдегі жаңалықтарды біліп, жағдай сұрасу көңілімізге демеу болады, — дейді Расул Серікұлы.

Осылайша, №6636 әскери бөлімінің сарбаздары темірдей тәртіп пен ынтымақтың үлгісін көрсетуде. Олар күн сайын Отан алдындағы қасиетті борыштарын адал атқарып келеді.

Тарихы терең вагон-музей

Бөлімнің аумағында ерекше музей ашылған. Бұл – қамауда отырған адамдарды айдауылдауға арналған бұрынғы арнайы вагон.

Бұрын сотталғандарды тасымалдауға пайдаланылған бұл вагон енді әскери бөлімнің тарихын баяндайтын шағын музейге айналды. Қазіргі кезде оның ішкі кеңістігі құқықтық тәртіп әскерінің жауынгерлік қызметіне қатысты құнды ақпараттар мен естеліктерге толы. Мұнда әскери қызмет тарихынан сыр шертетін жәдігерлер, айдауылдау қызметіне байланысты макеттер мен көне суреттер қойылған.

Вагонның музейге айналуы – жай символикалық қадам емес. Бұл тарихи байланыстардың сабақтастығын көрсететін маңызды белгі. №6636 әскери бөлімнің негізі 1961 жылы 20 қаңтарда қаланды. Тың өлкесінің құрылуына байланысты Қазақ КСР Ішкі істер министрінің №016 бұйрығымен Қазақ КСР ІІМ ішкі күзетінің 246 жасағы құрылған болатын. Оған №6636 әскери бөлімінің реттік нөмірі берілді.

Алғашқы жылдары бөлім Петропавл, Қостанай, Павлодар, Атбасар қалаларында, Жолымбет кенішінде және Вишневка, Құсмұрын, Алексеевка кенттерінде орналасқан 10 команда мен 2 жеке топтан құралды. Жасақтың штабы Целиноград қаласында орналасты. Әскери бөлімнің басты міндеті еңбекпен түзеу мекемелерін күзету және сотталғандарды тасымалдау болды. Бұл қызметті №6636 әскери бөлімі ширек ғасырдан астам уақыт абыроймен атқарды.

Бүгінгі күні де бөлім Ақмола гарнизоны соттарының қарауыл қызметін қамтамасыз етіп, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығының материалдық және қызметтік қамтамасыз етілуіне белсенді үлес қосып келеді.

Фото: Арман МУХАТОВ / El.kz