15.03.2026
11:12
337

Ел спортшылары өз таңдауын жасады

Әлемдік деңгейдегі қазақстандық спортшылар жалпыхалықтық референдумға белсенді қатысып, азаматтық ұстанымдарын көрсетуде, деп хабарлайды El.kz.

Алғашқылардың бірі болып дауыс бергендердің қатарында бокстан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Кызайбай бар. Оның айтуынша, тығыз жаттығу кестесі де дауыс беруге кедергі болмаған.

Спортшының айтуынша, бүгін таңертең оқу-жаттығу жиынында жүргеніне қарамастан, арнайы қалаға келіп, өз таңдауын жасаған.

Бүгін таңертең оқу-жаттығу жиынында болғаныма қарамастан, арнайы қалаға келіп, дауыс бердім. Әр азаматтың таңдауы маңызды, – деді ол.

Сондай-ақ өз азаматтық ұстанымдарын джиу-джитсудан танымал шеберлер – әлем және Азияның екі дүркін чемпиондары, егіз бауырлар, ағайынды Сәрсенұлылар да білдірді. Олар референдумға қатысу елдің ортақ болашағына қосылған үлес екенін атап өтті.

Ел болашағына бейжай қарамай, өз таңдауымызды жасап, дауыс бердік. Бұл – баршамыздың ортақ болашағымыз үшін маңызды қадам, – деді спортшылар.

Бокстан әлем чемпионы Айбек Оралбай да дауыс берудің маңыздылығын атап өтіп, Конституция мемлекеттің дамуын айқындайтын басты құжат екенін айтты.

Конституция – елдің даму бағытын айқындайтын және қоғамдағы әділдік пен теңдіктің кепілі болатын негізгі құжат. Біздің бүгінгі таңдауымыз – Қазақстанның ертеңі, – деді ол.

Ұлттық спорт – теңге ілуден V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Б. Серіков те белсенді азаматтық ұстанымның маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, бұл спорттағы тәртіп пен бірлік сияқты маңызды.

Бүгін мен өз елімнің болашағына бейжай қарамайтын азамат ретінде дауыс беруге келдім. Әрбір қазақстандықтың пікірі маңызды деп есептеймін. Спортта жеңіс те бірлік пен тәртіптің арқасында келеді. Сол сияқты ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерде әрқайсымыздың қатысуымыз қажет, – деді спортшы.

Осылайша, қазақстандық чемпиондар өз үлгілері арқылы референдумға қатысу – әр азаматтың құқығы ғана емес, ел болашағы алдындағы жауапкершілігі екенін көрсетіп отыр.