Ел азаматтары 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алады

6 Қаңтар 2023, 08:30 1344

Бұл рәсімге борышкер өзі ғана өтініш бере алады

Ел азаматтары биыл 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алады, деп хабарлайды El.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2022 жылғы 22 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» ҚР Заңына (бұдан әрі – Банкроттық туралы заң) қол қойғаны белгілі. Бірақ ол ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткеннен соң әрекет ете бастайды. Бұл деген қарыздары бар, сол қарыздарын өтей алмайтын азаматтардың 2023 жылғы 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алатынын білдіреді.

Банкроттық туралы заң рәсімнің үш түрін көздейді, олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады, яғни кредитор борышкердің банкроттығына өтініш беруге құқылы болмайды.

Қарыз алушы-жеке тұлғаның банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің алдындағы берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен (2023 жылы бұл 5 млн 520 мың теңге) аспайтын болса, онда ол соттан тыс банкроттық рәсімін қарастыра алады. Бірақ қарыз алушы төмендегідей кейбір талаптарды сақтауы керек:

- оның атына тіркелген, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмауы керек;

- өтініш берілген күні, қатарынан 12 ай ішінде ол кредиторлардың, коллекторлардың алдында міндеттемелер бойынша төлем жасамаған болуға тиіс;

- мерзімі өткен берешек туындаған уақыттан бастап 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты кредиттік шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген болуға тиіс;

- өтініш берілген күні ол 7 жыл бойы банкроттықты қолданбаған болуға тиіс.

Сондай-ақ соттан тыс банкроттыққа өтініш берілген күні 5 жылдан астам уақыт бойы өз берешегін өтемеген қарыз алушы-жеке тұлғалар жүгіне алады.

EL.KZ
Бөлісу: