Экспресс-тарих. Кептерграмма, телеграмма, смартфон

27 Шілде 2018, 16:09 7578

Хаттағы дар ағашының суреті нені білдірді?

***

Алғашқы адамдар қашықтан - от жағу және айғайлау арқылы хабар алысқан дейді. Мұны тарихи шындықтан гөрі, қисынға салу деген дұрыс болар. Бірақ тарихшылардың осы сөзі рас болса, ежелгі коммуникацияның қауқары онша болмағанға ұқсайды. Себебі әскери мақсатта пайдаланылатын «Дыбыстың таралу кестесінде» қатты айғайдың естілу шекарасы небәрі – 1 шақырымға дейін.

 

***

Түтіннің қоюлығы немесе жалынның үлкендігі арқылы хат-хабар алмасты деп ойлау тіпті күлкілі. Бірақ үндістердің дәл осылай хабар «алмасуы» туралы деректер бар.

 

***

Африкалық кейбір тайпалардың тамтам (барабан) қағу арқылы «қашықтан» хабарласу әдісіне қарап, алғашқы қауымдық құрылыста қандай да бір кейіптегі дыбыс арқылы «ақпарат алмасудың» болғаны туралы топшылауға болады.

 

***

Ежелгі Грекия мен Римнің хат-хабар жіберу бекеттері жөнінде тарихи жәдігерлер баршылық. Ол кезде көбіне «қолдан қолға жалғау» әдісі пайдаланылған. Жүгірген адам немесе ат болдыратын қашықтық сайын - «пошта бекеттері» болған. Шабармандар хатты  эстафетамен беріп отырып, бір кездері Кіші Азияға дейін шұбатылып кеткен гректер де, ұлан-ғайыр жердің иесі болған римдіктер де өз заманы үшін тез ақпарат алмасып отырған. Шабармандарға қоса, жүігрмендер деп айтуға бола ма екен – он шақырым сайын жүгіріп отыратын пошташылар да болған. Эстафета әдісі сонымен бірге - Қытайда, Мысырда болған деседі.

 

***

Хабарды шифрлеудің мысалы осы кезеңдерге тиесілі. Мысалы, «Цезарьдің хаты» атты құпиялау әдісі сол кездерден қалған: онда әріптер қандай да бір ретпен  әліппедегі басқа әріппен ауыстырылатын.

 

***

Орта ғасырларда ескі әдістердің жаңғырғаны шамалы. Рас, бұл кезде пошта аздап бұқаралық сипатқа ие бола бастады. Еуропада жол қатынастары жақсы дамуы себепті пошта қызметтері дүниеге келді. Енді хат-хабар алмасу тек шонжарлар мен атақты ғалымдардың  көсемсөз саптау ермегі ғана емес, қатардағы азаматтың да қажеттілігіне айналды.

Бұл кезеңдерде елдер арасындағы бәсекелестік артып, олардың әрқайсы жедел әрі сенімді пошта бағыттарын дамытуға жанталасты. Мысалы, қазіргі Германия жерінде пошта тасу міндеті ... қасапшыларға жүктелді! Оның себебі мынада болатын. Қасапшылар мал сатып алу үшін елді көп аралайды. Ендеше, елдің түкпір-түкпіріне хат жеткізу үшін қасапшылар тамаша кандидат еді.

 

***

Кептер арқылы хат жіберудің ежелгі мысалдары болғанмен, қандай да бір деректі дәлелі бар түрі осы орта ғасырларда қылаң береді. Олар көбіне шабармандар шыға алмайтындай қоршауға ұшыраған соғыс жағдайында пайдаланылған.

Кептерлер әсіресе, қор биржалары пайда болған кезде көп қолданылды. Себебі акция ойнайтын брокер басқа елдегі саяси ахуалды бірінші білуі тиіс, соған байланысты акцияларды жаппай сатады немесе ұстай тұрады. Құс сарайын ұстайтын ірі банкирлер ол заман үшін таңсық емес.

Тек қана кептер емес, басқа да құстардың байланысқа пайдаланылғаны туралы сенімсіз мәліметтер бар. Киноларда болса, қарғаға дейін «жұмсап» жатады. Бірақ нақты мәлімет жоқ. «Тақталас» («Games of thrones») сериалы қиялдың жемісі екенін бәріміз білеміз.

 

***

Бұл замандарға тән «жалын телеграфы» деп аталатын байланыс әдісі де бар. Ол мұнараға шығып, отты немесе шамның жарығын айнаға шағылыстыру арқылы хабар жіберу тәсілі. «Граф Монте Кристо» романын оқыған болсаңыз, Испаниядағы ахуал туралы сондай мұнарадан жайсыз хабар жіберіп,  ертеңіне Париждегі акцияларды құлдырататын сюжет бар. «Жалын телеграфы» туралы тіпті антикалық дереккөздер болғанымен (мысалы, Демокрит те осындай әдісті ұсынған екен), практика жүзінде іске асқаны осы кезеңдер.

 

***

Жаныңның барында жеткіз! Елизавета I патшайым тұсында сарайдан шұғыл жеткізілуі тиіс хаттардың сыртына дар ағашының суреті салынатын болған. Хатты жеткізуші шабарман оны көріп, хатты өл-тіріл жеткізуі керек екенін, басқа шаруаларын лақытырып тастап, ендігәрі осы хатты жеткізгенше тыным таппауы тиіс екенін түсінеді.

Кейін бұл практика Еуропаның көп жеріне тарайды. Мына суретте Венеция қаласының ондық алқасына жіберілген хат көрсетілген:

© Түпнұсқа сурет – Смитсониан музейінен алынды (si.edu)

 

Дар ағаштары (1) – хаттың шұғыл жетуіне қандай да бір кедергі келген адамды өлім күтіп тұрғанын білдіреді. Ал бес басқыш (2) – хатты атпен жеткізу міндетті екенін білдіреді. Ал «cito, cito, cito, cito» деген жазбалар (3) - «асығыс», «шұғыл» деген директиваны білдірсе керек. 

***

Электр магнетизмі құбылысының негізінде қашыққа хат-хабар жіберу идеясы көптеген ғалымдар мен өнертапқыштарда болған. Бірақ іс жүзінде қолданыс тапқаны - Самуэл Морзенің телеграфы. Айтпақшы Морзе - суретші.

Әуелде Морзе 26 әріп үшін 26 сым тартпақ болды. Бірнеше жылдан кейін ол бір ғана сым қалдырды.

Бұдан кейін Морзе өз жабдығына оңтайлы әліппе жасады. Ол «Морзе әліппесі» деп аталып, әлемде 1990 жылдарға дейін қолданылып келді.

1844 жылы Морзенің басшылығымен Вашингтон мен Балтимордың арасына 65 шақырымдық телеграф желісі тартылды.

 

***

Сіз білесіз бе: телеграф арқылы жіберілген алғашқы сөз: «О, Құдайым, құдіретіңде шек жоқ!» («What hath God wraght!»).

 

***

"Телефон" деген атаудың шығуы. В 1860 жылы Фридрихсдорф (Германия) қаласындағы физика мұғалімі Филипп Рейс мектептің сарайында қолда бар заттардан (қираған ескі скрипка, тоқитын сым, бөшкенің тығыны, гальваникалық элементке жалғанған орама) бір құбыжық құрылғы жасап шығарды. Филиптің жаңалық ашудан дәмесі жоқ еді: ол бар болғаны ... құлақтың қалай жұмыс істейтінін көрсеткісі келген болатын. Жабдыққа "телефон" деген атау беріп, оны 1861 жылдың 26 қазанында Франкфурт Физика Қоғамына көрсетті.

 

Жабдықтан дауыстан гөрі түсініксіз гүмбірлеген дыбыс шықты. Сосын ба, баспасөзде оны әжуалаған мақалалар шығып, тіпті 1863 жылы «Гартенлаубе» журналы жабдықты ойыншық ретінде сипаттады.

 

Елінде қолдау таппаған Филипп Америкаға тартып отырды. Ол жақтағы тағдырын «Метрополитен» газетіндегі мақаладан келтірейік:

«Жұрттан, «адамның дауысын алысқа жеткізетін жабдық жасаймын» деп ақша сұрап жүрген алаяқ ұсталды. Ол өз жабдығын әдейі «телеграф» сөзіне ұқсатып -  «телефон» деп атапты. Мақсаты - телеграф туралы естіген, бірақ оның қалай жұмыс істейтінін әлі білмейтін адамдарды шатастырып, ақшасын алу болған. Мамандар сым арқылы адамның дауысын жеткізу мүмкін емес деп отыр. Мүмкін болғанның өзінде, ондай жабдықтың қажеті болмас та еді».

***

Телефонның ресми туған күні - 1876 жылдың 14 ақпаны. Қызығы сол: тап осы күні Америка патент мекемесіне арасына 2 сағат салып 2 адам "электр тогы негізінде дыбысты қашыққа жеткізу аппаратын" тіркейді. Бірінші тіркеген - Г. Белл, екінші тіркеген - физик И. Грей.

Айтпақшы, екеуінің аппараты бірі біріне еш ұқсамайды. Тағы бір жайт: Белл дайын жабдықты патенттесе, Грей аппарат жасайтыны туралы мәлімдеме ғана тіркеді.

***

Ресми түрде телефонның атасы деп мойындалған Г. Белл - Саңырау әрі мылқаулар мектебінің мұғалімі болған.

 

***

Телефон арқылы айтылған алғашқы сөз: «Мистер Ватсон, келіп кетіңіз. Маған керек болып жатырсыз!». Бұл сөз айтылған күн - 1876 жылдың 10 наурызы; айтылған жер - 12 метрлік сыммен үйдегі бөлмемен жалғанған шатырдағы зертхана; айтқан адам - Г. Белл.

 

***

Беллдің айтқанынан: «Мен телефонды электротехникадан ештеңе түсінбейтін болғасын ғана жасай алдым. Электротехникамен ең болмаса таныс бір де бір адам телефонды ешқашан жасай алмас еді».

 

***

1868 жылы америкалық Махлон Лумис конгресмендер мен ғалымдарға қызық эксперимент көрсетті. Ол арақашықтығы 22 шақырым болатын екі сымды аспанға батпырауық арқылы 190 метр биіктікке көтерді. Сайып келгенде, бұларды алғашқы антенна деуге болады. Сосын бір сымның ұшын жерге жалғағанда, екінші сымға жалғанған гальванометрдің тілі ауытқыды.

Махлонның сол жылы ағасына жазған хатынан:

«Халықаралық сымсыз байланыс - ғажайып мүмкіндіктердің басы. Ондай байланысты атмосфералық электрді пайдаланып жасауға болады».

Махлон бұл жерде «атмосфералық электр» деп радиотолқынды айтып отыр. Радиотолқынның бар екені дәлелденген Генри Герцтің атақты экспериментіне дейін әлі 19 жыл бар еді.

 

***

1878 жылы Д. Э. Юз Лондон Корольдік Қоғамына "микрофондық эффект" ашқаны туралы хабарлады. Бұл жаңалыққа әкелген - нашар контактілер еді: бірде тиіп, бірде тимей тұрған контакттен сәйкесінше пытырлаған дыбыс шығады. 1877 ол осы құбылыс негізінде жабдық құрастырып, оны микрофон деп атады. Оны кейін телефондарға сала бастады.

 

***

Телетайп және телефакс. Терген мәтіннің экранда шығып жататынын жұрттың көбі компьютердің шығуымен байланыстырады. Ол заңды да: Советтер Одағында телетайп, телефак және телекс деген дүниелер азаматтық қолданысқа берілмеді де, қалың жұртшылық олардың не екенін де көрмеді.

Телетайп о бастағы телеграммаға ұқсайды. Айырмашылығы – ондағы мәтінді көрсету үшін кейінірек қағаздың орнына – дисплейлер немесе принтерлер қолданылды. Кезінде сайт қандай сән болса, ірі компаниялар мен мемлекеттік органдар үшін телетайп иесі болудың да беделі бар еді.

Ал телефакс арқылы бейнелер алғашқы рет қашықтыққа берілетін болды.

 

 

***

Смартфон деп ең алғашқы рет Ericsson өзінің s24930 атты тұтқасын атады. Ол өзінің басты өнімін солай атаған кезде, оның атауы қанатты болатынын тіпді де білген жоқ.

 

***

2009 жылы Оңтүстік Африка Респулбикасындағы Unlimited IT компаниясы мынадай тәжірибе жасады. Олар файлдарды Интернет арқылы және флэшке жазып, кептер арқылы жіберіп көрді. 4GB флэш байланған кептер осы компанияның 88 шақырым жердегі тағы бір офисіне 68 минутта жетті. Кептер келгеннен кейін, Интернет арқылы жіберілген файлдарды қабылдау әлі бір сағатқа созылған. Осылайша, кептер Интернеттен жылдам болып шықты.

 

***

Қазіргі кез келген қарапайым смартфон - 1969 жылы адамзатты Айға қондырған «Apollo» программасында пайдаланылған компьютерлердің барлығынан миллион есе күшті.

 

***

Байланыстың келесі кезеңі қандай?

Қазір ойша мәлімет алмасу жөніндегі эксперименттер жер-жерде жүріп жатыр. Әзірге нәтижелер мардымсыз. Тек «адам мен компьютер» байланысы ғана жүзеге асқан. Оның өзі әлі бейберекет жұмыс істейді. Себебі, адам миының сигналдарын әр адамға жеке калибрлеу керек. Бұл дегеніміз – «ә» әрпін «ойланғанда» менің миымнан шығатын сигнал – тап сол әріпке байланысты сіздің мидан шығатын сигналдан бөлек болуы мүмкін. Бұл технологияның емес, матемтаиканың мәселесі деп жүргендер де бар. Әйтеуір экспериментті алпауыт компаниялардың барлығы дерлік жүргізіп жатыр.

Егер қандай да бір нәтиже бола қалса, осы el.kz сайтында міндетті түрде хабарлаймыз.

 

 

Ерлан Оспан
Бөлісу: