Бүгін Көрме ұйымдастырушысының штаб-пәтерінде WBC Конвенциясының туын сақтауға тапсыру рәсімі өтті.
Яғни, мерейтойлық 55-нші WBC Конвенциясы Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 шеңберінде 31 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында өтеді. Оған қазіргі әлем чемпиондары мен осы атаққа үміткерлер, танымал атқарымпаздар, меценаттар, менеджерлер мен промоутерлер, барлығы 500 делегат қатысады. Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Ерлан Бекхожиннің айтуынша, қазақстандықтар мен Көрме қонақтарында аты аңызға айналған әлемдік бокс жұлдыздарын өз көзімен көру мүмкіндігі туып отыр.
"WBC жетекшілігі Астанаға келуге тілек білдірген боксшылардың тізімін жіберіп, солардың ішінде: Флойд Мейвейзер, Мэнни Пакьяо, Майк Тайсон, Мұхаммед Әлидің қызы Әли Ләйла Әли бар. Бәрі WBC белдіктерінің қазіргі немесе бұрынғы иегерлері, шетінен жұлдыз бен чемпиондар келмекші. Олардың арасында, әрине, Геннадий Головкин де болады. Ол сол кезде өз жекпе-жегіне дайындық үстінде болса да, біз оның осында келу мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргіземіз", - деді Ерлан Бекхожин.
Конвенция шеңберінде қазақстандық және әлем жұлдыздарының қатысуымен Кәсіпқой бокс кеші өткізіледі. Ол ЭКСПО-2017 аумағында өтеді. WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек қырықтан астам елде көрсетіліп, шараның басты оқиғасына айналады.