ЭКСПО-2017: Таза энергиялы Финляндия

21 Маусым 2017, 12:08 5913

Фин Президентінің өзі ашып берді

ЭКСПО аясында Финляндия мемлекетінің Президенті Саули Нийнистенің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Президент Қазақстан павильонын аралап, ерекше әсер алғанын жеткізді. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, көптеген халықаралық тақырыптар аясында сөз қозғап, сұрақтарға бірлесе жауап іздегенін мәлім етті. Қазақстанның  Таяу Шығыста орын алып жатқан келеңсіздіктер мен Сириядағы шиеленісті шешудегі өзіндік алаң болғанын айтты.

Финляндия басшысы тілшілердің қойған көптеген сұрақтарына жауап берді. Болашақта Хельсинки – Астана, Хельсинки – Алматы әуе қатынасы ашылатынын, осы бағытта көптеген компаниялар жұмыс жүргізіп жатқанын қуана хабарлады.

«Біздің Қазақстанмен достық қарым-қатынас орнатқанымызға 25 жыл болып отыр. Осы жылдар арасында көптеген игі істер атқарылды. Бизнес бағыты бойынша да пайдалы жоспарлармен бөлістік. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев тұрақтылығымен ерекшеленеді. Әлемдік аренада оның абыройы асқақ. Ол тұрақты дамудың бірегей мысалын көрсетіп отыр, басқа да көптеген елдерге үлгі боларлық жұмыстар атқаруда» – деді Финляндия басшысы.

Сондай-ақ, Президент Саули Нийнисте күні кеше Астананың көрікті жерлерін ролик конькиімен аралап, 12 шақырым жол жүріп тастағанын айтты.

«Астананың жолдары өте тегіс, мен секілді роликпен сырғанауды жаны сүйетін жандар үшін жолдардың маңызы зор» – деді. Нийнисте мырза хоккей спортын да ұнататынын, қай спортшыларды үлгі ететінін айтып берді.

Білім саласы бойынша да Финляндиядағы тәжірибемен бөлісті. «Ең бастысы – құрмет. Білімге деген, оқытушыға деген құрметтің жоғары болуы оқу саласына елеулі әсер етеді» – деді ол. Кездесу аяқтала салысымен, фин Президентіне жергілікті "Барыс" хоккей клубының ойын киімін табыс етілді.

Осыдан кейін біз Финляндия павильонын көруге асықтық. Энергияның экологиялық таза өндірісін осы елден табады екенсіз. Павильонның тақырыбы да – «Финдяндия – таза энергия».

Бұл мемлекет техникалық түрде дамыған және табиғатқа жақын ел. Технология мен табиғат арасындағы тілсіз байланыс орнатқан павильонға келушілер финдік жасыл энергия, инновация, бизнес және қоғам үшін пайдалы қызметтермен таныс бола алады. 

Фин павильоны төрт құрылымнан тұрады:

«Таза энергия»

Табиғаттан келетін таза энергия – экологиялық энергияның өнімі.

Финляндияда табиғи орман өсімі кесілген ағаштардың санынан әлдеқайда басым. Ең таралған сирек тұқымы – үй құрылысы үшін келетін тығыз әрі төзімді фин қарағайы. Ормандар көміртек диоксидін байланыстырып, климаттың өзгеру процесін баяулататын күн энергиясы арқасында осындай өсімге қол жеткізіп отыр.

«Ақылды қала»

Ақылды қала ақылды әдістер арқылы энергияны пайдалануды тиімді жүзеге асыру. Мұндағы экспонаттар біздің елде жасалынып көрмеген бірнеше жаңа замануи өндірістің жаңалықтары. Оның біреуі қатты қоқыстарды отынға айналдыруды көрсетеді. Осы арқылы бизнестің оңтайлы жолын табуға әбден болады екен.

«Таза су»

Сіз Финляндияда су құбырындағы суды ішуге болатынын, оның дәмі тіпті құтыға құйылған судан ғажап екенін біліп пе едіңіз? Ендеше, біліп жүріңіз. Суды тазарту технологиясы ерекше дамыған бұл елде барлығы тап-таза сумен қамтамасыз етілген.

«Керемет білім»

Финляндия өзінің ағарту жолындағы жұмыстарымен мақтана алады.  Жоғары, сапалы білім мұнда кез келген жастағылар үшін қолжетімді. Бала шағыңыздан бастап, жоғары, кәсіби және корпоративті біліммен сусындай аласыз. Мұндағы оқытушылар да жоғары мамандандырылған. Финляндияда педагогика саласындағы әдіс-тәсілдер әрдайым жаңарып, өзгеріп отырады.

Павильонның шығы берісінде «Сізге павильон ұнады ма?» деген баға беретін бұрыш бар.  Бұл елдің көрмесіне өз бағамызды беріп, саяхатымызды аяқтадық.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: