19.09.2025
17:26
718
«Экс-министрдің қызы, көпбалалы ана». Жас жазушы Үнзила Мыңбайдың өмір жолы

«Экс-министрдің қызы, көпбалалы ана». Жас жазушы Үнзила Мыңбайдың өмір жолы

Заңгер, көпбалалы ана әрі жазушы – осы үш қырды бір бойына тоғыстырған Үнзила Мыңбайдың өмір жолы талай адамға шабыт береді. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (МГИМО) тәмамдаған ол құқық саласында еңбек етіп қана қоймай, оқырман жүрегіне жол тапқан еңбектері арқылы кеңінен танылды.

Талантты жазушы El.kz интернет порталына берген сұхбатында өзінің шығармашылыққа келу жолы мен алдағы жоспарларымен бөлісті.

Шығармашылыққа апарған жол

Үнзила үшін жазушылық пен заңгерлік бір-бірін толықтырады. Жазушылыққа бет бұруына үшінші баласына аяғы ауыр кезінде декреттік демалыс себеп болған. Осы кезеңде Үнзила уақытын тиімді пайдаланып, алдымен әлеуметтік желіде шағын жазбалар жариялап, кейіннен әңгімелер жазуға көшеді. Ол үшін шығармашылық – өмірдің жаңа тынысы еді.

Үнзила Мыңбайдың жеке мұрағатынан 

Жазушылық үшін жастың да, жағдайдың да керегі жоқ, ең бастысы – жүрек қалауына еріп, қалам тербеу, – дейді автор.

Алғашқы туындылар мен оқырман ықыласы

Жазушының алғашқы әңгімелері әдеби журналдарда жарияланды. Көлемді еңбегі – «Чемпионы родом из детства» деп аталады. Бұл кітапта 17 спортшының табысқа жету жолы баяндалады.

Әрқайсысының өмір жолында кедергілер де, жеңістер де бар: жалқаулық, жарақаттар, күйзелістер мен қайта тұрулар. Автор бұл еңбекті балаларға сенім сыйлайтын, ата-аналарға демеу болатын және ұстаздар мен бапкерлерге шабыт беретін еңбек ретінде жазды. Кітап көп ұзамай бестселлер атанып, кең аудиторияға жол тапты.

«Чемпионы родом из детства» кітабы шыққанда ол нағыз толқынысты бастан кешірген.

Үнзила Мыңбайдың жеке мұрағатынан 

Жазу кезінде кейіпкерлермен бірге өмір сүремін. Кітап шыққаннан кейін онымен қоштасамын. «Мен жазушы болуды армандадым, қорқыныш пен кедергілерді жеңдім. Бұл кітап – армандарды орындауға шабыттандырады, – дейді ол.

Екінші кітабы – «Женщины моего дома». Бұл жинақ қазақстандық әйелдердің тағдырын, аналардың төзімін, отбасылық құндылықтарды, тұрмыстағы шынайы сезімдерді суреттейді. Кітаптың бір бөлігі құқық қорғау саласындағы қызметкерлердің жұбайларына арналған. Прокурордың жары ретінде жазушы олардың өмірін іштен сезініп, қоғамға белгісіз қырын ашып көрсетеді.

Үнзила жазушылық дағдарысты бастан кешірмейді, өйткені ол жазуды міндет ретінде емес, қажеттілік ретінде қабылдайды. Кейіпкерлерге байланып қалмайды, оларды өмірден алып, қағазға түсіреді.

Мен оларды түсінемін, бірақ байланып қалмаймын, – дейді ол.

Ықпал еткен авторлар

Сондай-ақ жазушы Дина Рубинаның стиліне ғашық.

Мен авторлықта серіктеске мұқтаждық сезінбеймін. Жазушылықты ваннада ән айтумен салыстыруға болады. Оған сахна да, көрермен де, серіктес те қажет емес. Егер Дина Рубина бірлесіп кітап жазуды ұсынса, мен үшін бұл үлкен қуаныш болар еді, бірақ жалпы алғанда менің жазу қабілетім басқаға тәуелді емес. Жазу үшін адамға өзінен басқа ешкім керек емес, – дейді жазушы.

Үнзила шығармашылықты ешқашан кәсіби міндет деп қабылдамайды. Ол үшін жазу – қуат көзін табудың амалы. Балаларынан, отбасынан алған энергияны жазу үстінде қайта өрбітеді.

Жазушының айтуынша, «отбасындағы үйлесім – шабыттың ең үлкен қайнар көзі». Оның басты тақырыбы – махаббат, балаға, ата-анаға, достарға, туған жерге деген сүйіспеншілік.

Жаңа бағыттағы ізденістер

Бүгінде жазушы Алаш Орда кезеңіндегі әйелдер туралы кітап жазуда. Жаңа кітаптың шығу мерзімі әзірге белгісіз. Бұл туынды арқылы ол тарихтағы нәзік жандардың батылдығын, қоғамдағы рөлін және олардың ұрпаққа қалдырған аманатын көрсетуге ниетті.

Үнзила Мыңбайдың жеке мұрағатынан 

Үнзила Мыңбайдың жолы – шығармашылыққа қадам басудан қорықпаудың, армандарға адал болудың айқын үлгісі. Оның әр кітабы махаббатқа, өмірге сенімге, төзім мен еңбектің нәтижесіне құрылған.

Жазушының басты арманы – қазақ оқырманына рух беретін, ұлттық болмысты айшықтайтын шығармалар жазу. Оның әңгімелері мен кітаптары – махаббат пен мейірімге толы өмірлік сабақ.

Айта кетейік, Үнзила Мәдениет және ақпарат министрі болған Дархан Мыңбайдың қызы.