Ғалымдар саусаққа жапсыратын өте жұқа пластырь жасап шығарды. Ол экрандағы суретке тиіскен сәтте дәл сол материалдың құрылымын сездіреді. Бір қарағанда фантастика секілді көрінгенімен, бұл нақты өмірде жасалған технология. Пластырьдің ішінде орналасқан микромөлшерлі актуаторлар шыныға жанасқан кезіңде тастың кедір-бұдырын, судың жұмсақ жылғалдығын немесе матаның түктерін елестетпей, шынайы сезінуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Яғни жай ғана суретті сипалап отырып, оның беткі құрылымын қолмен ұстап тұрғандай күй кешесіз.
Бұл жаңалық гаптикалық сезімге жанасу арқылы ақпарат қабылдау ғылымына негізделген. Пластырь экрандағы объектінің текстурасын талдап, ішіндегі дірілмоторлар түрлі жиілік пен амплитудада тербеліс жасайды. Ал ми осы микровибрацияларды нақты материалға тән сезім ретінде қабылдайды. Мысалы, экранда кірпіш қабырға тұрса, оның кедірлігі анық білінеді, жібек көрсетілсе саусақ астында жылтыр, тегіс бетті сезесіз. Бұл жай ғана телефон дірілі емес, ми бірден танитын күрделі тактильді карта.
Мамандардың айтуынша, мұндай технология онлайн-сатуды бастаса, үйден шықпай-ақ диванның матасын ұстап көресің, геймерлер ойындағы құмды, темірді, шөпті сезеді, ал дизайнерлер мен архитекторлар материалдардың үлгісін алмастан-ақ виртуалды ортада сипап көре алады. Көру мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін бұл тіпті жаңа деңгейдегі қолжетімділік суреттердің құрылымын қолмен сезіну мүмкіндігі пайда болады.
Алайда ең таңғаларлық және бір жағынан алаңдататын нәрсе, цифрлық пен шынайы әлем арасындағы шекараның жойыла бастауы. Біз экранды әдетте қарау үшін ғана қолданатын, қол тигізбейтін жазықтық деп қабылдаймыз. Ал енді сол экран сезім беретін терезеге айналды.
Әзірге сатылымға шығатын уақыты нақты жарияланған жоқ.
Айта кетейік, Илон Маск болашақта смартфондар қажетсіз болып қалады деген болатын.