Эколог: Алматы ең қатты жер сілкінісі болатын аймаққа жатады

25 Қаңтар, 11:55 1877

Белгілі эколог Мэлс Елеусізов  Assyltas TV арнасында Алматы сейсмологиялық қауіп бойынша әлемдік тізімдерде көш бастап тұрғанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жер сілкінісі кезінде үйде болдым. Алдымен гүрілдеген дыбыстар шықты, көшедегі көліктер екен деп ойладым. Сосын байқасам үй шайқалып тұр. Мен ондай жағдайларға дайын адаммын, қорқыныш болған жоқ. Ал көп адамның есі шығып кетті, барлығы далаға шықты. Бізді жаратылыс сақтады. Бұдан қатты болса, қырғын болар еді. Қазір жер шарында ең қатты жер сілкінісі болатын жерлер – Жапония, Индонезия, Чили, Қазақстанда осы Алматы. Бұл баяғыда зерттелген, сейсмологтардың барлығы біледі, – дейді сарапшы.

Сондай-ақ Мэлс Елеусізов халықты жер сілкінісі кезінде үрейге бой алдырмауға шақырды. 

Халыққа үйрету керек. “Дүрбелең” деген – жаман дүние. Жер сілкінгенде алғашқы толқын өткен соң, ақырын сыртқа шығу керек. Жапонияда кішкентай балаларға дейін алғашқы кезде не істеу керек екенін біледі. Үстелдің астына немесе өздеріне белгіленген жерлерге тығылады. Сол секілді бізде де бәріне дайын болу керек, – дейді эколог. 

Айта кетейік, Алматыдағы зілзаладан кейін   зообақтағы қасқырлар ұлып, құстар шулай бастаған. Қатты үркіп қалған жануарлардың видеосы зообақтың желі парақшасында жарияланды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: