Екінші жартысымен ажырасып, өз-өзіне қол жұмсайды. Министр құмар ойындардың зардабын айтты

28 Тамыз 2023, 13:11 2482

 Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Өзекті» бағдарламасына берген сұхбатында  құмар ойындарын насихаттайтын жарнаманы шектеу қажет екендігін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бағдарлама жүргізушісі «Құмар ойындарға құмарлық қоғамдағы ең өзекті ауыр тақырыптардың бірі. Автоматтардың кесірінен қаншама адам бар жиған-тергенінен бір сәтте айырылып, талай шаңырақ ортасына түсіп жатыр. Осы бизнеске неге тыйым сала алмай отырмыз?» деп сұрады.

Дархан Қыдырәлі құмар ойындарының құрығына түскен құрбандардың саны артып келе жатқандығы барлығымызды алаңдатып отыр дейді.

Бірінші кезекте әсіресе жасөспірімдердің, біздің болашағымыз балалардың құмар ойындарының немесе букмекерлік ойындардың құрбаны болып жатқандығы өкінішті жағдай. Осыған байланысты мемлекет басшысы бұл мәселені бірнеше рет көтерді.Түркістандағы құрылтайда арнайы тапсырма берді. Бұл жалпы қоғам болып күресетін індет, - деп атап өтті ол.

Министрдің айтуынша, бүгінде жұмыссыз жүрген, жұмыс істеуге құлқы жоқ жастар ойын ойнауға тәуелді болып отыр. Құмар ойындарына барған адамдардың көпшілігі соңында екінші жартысымен ажырасып, өз-өзіне қол жұмсайды.

Несие алып, құмар ойындарына соңғы табысын немесе ата-анасының зейнетақысын тігіп жібергендердің соңы өте қайғылы жағдаймен аяқталып жатқан оқиғалар да аз емес. Соған байланысты кешенді жұмыстар қазір қолға алынды. Атап айтқанда Мәдениет және спорт министрлігі лудоманияға, құмар ойындарына қарсы заң жобасын Мәжіліске енгізді. Біздің министрлік бұған қатысты қатаң мониторинг жүргізеді. Интернет сайттарда 8 айда 3 мыңнан астам заңсыз құмар ойындарына шақыратын контент анықталған. Әрине біз оларға ескерту жасадық, жойдық, - деді ол.

Сонымен қатар Дархан Қыдырәлі аталған заң күшіне енгеннен кейін тек қана спорттық арналарда, спорттық шараларда белгілі контент қалдырылуы мүмкін екенін айтты. Бұл мәселені министрлік ерекше бақылауында ұстайтын болады.

Жастарымызды індеттен арашалап алу бірінші кезектегі міндет. Тек қана табыс көзінің соңына түсіп кетпей букмекерлік кеңселердің жұмыстары мен құмар ойындарын насихаттайтын жарнаманы мүмкіндігінше шектеу қажет, - дейді ол.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: