Әлемге Imanbek атымен танылған қазақстандық диджей Иманбек Зейкенов биыл 24 жасында екінші рет «Грэмми» сыйлығына үміткер атанды. Теміржолдағы қарапайым сигналист қызметінен әлемдік сахнаға көтерілген музыканттың өмірі мен шығармашылығына қатысты 24 қызықты деректі ұсынамыз, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
1. Шын аты-жөні – Иманбек Маратұлы Зейкенов, әлемге Imanbek Remix деген сахналық есімімен танымал.
2. 2021 жылдың 14 наурызы – «Грэмми» жүлдесінде «Roses» ремиксі үшін «Ең үздік ремикс» номинациясында жеңімпаз атанды.
3. 2025 жылы – екінші рет «Грэмми» сыйлығына үміткер атанды (18 қыркүйекте белгілі болды).
4. Туған жері – 2000 жылдың 21 қазаны, Павлодар облысы, Ақсу қаласы.
5. Жеке өмірі – 2022 жылы үйленген, бірақ отбасылық өмірін көпшілікке жарияламайды.
6. Әлемге танытқан трек – америкалық рэпер Saint JHN-ның «Roses» әніне жасаған ремиксі. Оны жазуға небәрі 2 сағат 20 минут жұмсаған.
7. Музыкалық білімі жоқ, арнайы оқу орнында оқымаған.
8. Атасы музыкант болған – музыкаға бейімділік отбасынан дарыған.
9. Екінші сыныптан гитарада ойнаған, оған әкесі үйреткен.
10. Ремикстерін көбіне үйде, ноутбук пен құлаққап арқылы жазады.
11. Хоббиі – ремикс жазу, ол сүйікті ісіне айналған.
12. Алғашқы мамандығы – Ақсу қаласындағы «Ақсу-1» темір жол станциясында сигналист болып жұмыс істеген.
13. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы.
14. Отбасы: әкесі – өрт сөндіруші, анасы – туристік агенттікте қызмет атқарады.
15. Музыканы кәсіби диджейлерден емес, YouTube-тағы бейнесабақтардан үйренген.
16. 2017 жылдан бастап ремикс жазумен айналысып келеді.
17. 2025 жылдың мамырында CS2 ойынына арналған халықаралық турнир – PGL Astana 2025-тің ресми гимнін шығарды.
18. Ол – Қазақстаннан шыққан алғашқы музыкант, әрі ТМД мен бұрынғы КСРО-да классикалық емес музыка номинациясында «Грэмми» алған тұңғыш әртіс.
19. «Roses» ремиксі бес жыл ішінде YouTube-та 367 миллионнан астам қаралым жинады.
20. Мектепте үлгерімі жақсы оқушылардың қатарында болған.
21. Музыкадан түскен алғашқы табысына Lada Priora көлігін сатып алған.
22. Басында «музыка саласында бәрін байланыс пен ақша шешеді» деп ойлаған, бірақ еңбектің де үлкен рөл ойнайтынын түсінген.
23. Saint JHN-ның «Roses» әні шыққанына төрт жыл өткен соң ғана Иманбектің ремиксі халықаралық хитке айналды.
24. Шыққан тегі – арғын тайпасының басентиін руынан.