"Екіге бөлініп қалған". Алматылық дәрігерлер баланың шынашақ саусағына жан бітірді

19 Сәуір 2023, 16:21 846

Алматы қаласының №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасында алғаш рет қол саусағын реплантациялау бойынша күрделі операция өтті. Дәрігерлер баланың жұлынған саусағын жалғап берді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

9 жастағы бала көшеде жарақат алып, саусағы бөлініп қалған. Дәрігерлер толықтай бөлініп қалған шынашақ саусағын қайта жалғап, аман алып қалды.

Шұғыл операцияны травматология бөлімінің меңгерушісі Садырбалин Ерлан, микрохирургтер Косарев Сергей және Смолянкин Александрмен бірлесіп орындады. Саусақты құтқару мүмкіндігі өте аз болды. Екі білікті маманның бір уақытта қатысуы, олардың жедел және үйлесімді жұмысының арқасында үзілген саусақты қалпына келтіру бойынша ең күрделі операция сәтті аяқталды. Мұндай операцияларды Қазақстанда санаулы мамандар жасай алады,  - деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. 

Операция 5 сағатқа созылған. Дәрігерлер саусақты сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, тіндер мен тамырларды операциялық микроскоппен тігіп, зақымдалған саусақтың артерияларын, өте кішкентай диаметрлі жүйке талшықтарын біріктірген. Жалғанған саусақта сүйектен басқа сіңірлер, тамырлар және қан айналымы қалпына келтірілген. 

Мұндай операцияны жүргізу үшін заманауи микрохирургиялық техника қажет: микроскоп, микрохирургиялық құралдар және өте жұқа тігіс материалы қажет, оны жай көзбен көру қиын, мұның бәрі бізде 2-ші балалар ауруханасында бар. Бізге диаметрі 1.2 мм болатын тамырларды тігуге тура келді.  Мұндай операцияларды тиісті дайындықсыз, жабдықтарсыз, құралдарсыз және шығын материалдарынсыз жүргізу мүмкін емес, - деді №2 БҚКА травматология бөлімінің меңгерушісі Ерлан Садырбалин. 

Кәсіби түрде орындалған реплантация ықтимал тәуекелдерді болдырмауға, қолдың зақымдалған бөлігінің қозғалғыштығын, сезімталдығын қалпына келтіруге мүмкіндік берген. Жалғанған саусақ толығымен тамыр алып, қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: