Екібастұзда төтенше жағдай жарияланды

2 Шілде, 11:49 787

Екібастұз әкімі Аян Бейсекин қалада Объектілік ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ақпарат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Екібастұз қаласында «Energy Solutions Center» ЖШС-де орын алған авариялық жағдайға байланысты объектілік ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жариялансын, - делінген ақпаратта.

Аталған кәсіпорын — «Самрұқ-Энерго» АҚ-ның еншілес компаниясы әрі Екібастұз жылу-энергия орталығын басқарып отыр. Екібастұз қаласының әкімдігі төтенше жағдайдың себебін түсіндірді.

2023 жылы Екібастұз ЖЭО-да негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Қолданыстағы 10 қазандық агрегатының 8-і (№ 6, 7, 8, 11, 12, 13, 14, 15) күрделі жөнделіп, 2 қазандық агрегаты (№5, 9) жөндеуден өтті. Соның нәтижесінде 2023-2024 жылғы жылыту маусымы штаттық режимде өтті. Биылғы маусым айында Екібастұз ЖЭО «Самұрық-Энерго» АҚ-ның арнайы құрылған еншілес компаниясы «Energy Solutions Center» ЖШС-ға сенімгерлік басқаруға берілді. Өткен маусымаралық кезеңде жүргізілген жөндеу науқанын және «Самұрық-Энерго» АҚ-мен жүргізілген талдауды ескере отырып, 2024 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ қаражаты есебінен Екібастұз ЖЭО-да № 5 қазандық агрегатына күрделі жөндеу және № 9 қазандыққа ағымдағы кеңейтілген жөндеу жүргізу қажет. Сонымен қатар өткен маусымда №12 қазандықтағы негізгі және қосалқы жабдықтарға 80% күрделі жөндеу жүргізілді. Анықталған технологиялық бұзушылықтарды ескере отырып, осы жылы № 12 қазандық агрегатының қалған 20% жабдығын жаңартып, қосымша жұмыстар жүргізу қажет. «Самұрық-Энерго» АҚ-нан Екібастұз қаласының әкімдігіне түскен өтініш бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде жөнделетін объектілерді алдағы жылыту маусымына уақытылы тапсыру әрі жыл бойы үздіксіз ыстық сумен қамтамасыз ету үшін техногендік сипаттағы Төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды, - деп мәлімдеді әкімдіктен.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: