Екібастұзда құбыр желілерін жүргізу жұмыстары жалғасуда

6 Желтоқсан 2022, 21:07 1227

Бұл туралы Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Екібастұздағы ахуалға байланысты өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі. 

Қаладағы тұрғын үйлерді суық сумен қамтамасыз ету үшін су желілеріндегі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі таңда 28 үйдің сегізінде су желі құбырларын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Қалған үйлерде жұмыстар ретімен жалғасуда.

«ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Жедел штабтың төрағасы Роман Склярмен бірге тиісті техникалық шешім қабылданды. Нәтижесінде, құбырларды жер астымен емес, жер үстімен жүргізетін боламыз. Себебі, егер жер астымен жүргізетін болсақ, қазіргі жұмыс істеп тұрған құбырларды толығымен монтаждау керек боламыз. Одан кейін оның орнына жаңа құбырларды орнатуымыз керек болады. Бұл дегеніміз бесінші шағын ауданды аз дегенде 20 сағатқа жылудан ажыратуымыз керек дегенді білдіреді. Сондықтан даладағы температураны ескере отырып, жер үстімен жүргізілетін желіні шамамен 5 сағатта аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жұмыстар демалыссыз жалғасады», - деді Аян Бейсекин.   

Бесінші шағын ауданда орналасқан жылу желісінен зақымдалған орындары анықталды. Оны қалпына келтіру үшін 200-ге жуық 426 метрлік құбырды орнату қажет. Оны орнату оңай жұмыс емес, сондықтан біраз уақытты талап ететінін атап өтті.  

Миражан Махан
Бөлісу: