Екібастұзда кәсіпкерден 22 млн теңгенің вейпі тәркіленді

21 Қараша, 10:47 310

Павлодар облысында полиция кәсіпкерден 22 млн теңгенің вейпін тәркіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Екібастұз қаласы Б.Момышұлы көшесінде орналасқан тұрғын емес үй-жайда полиция қызметкерлері құны 22 млн теңге болатын үш мыңнан астам электрондық темекі мен ноутбукты тауып, тәркіледі. Заңсыз тауардың бұл партиясы сатуға арналғаны анықталды. Күдікті интернет-дүкен арқылы танымал мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі арналарды пайдаланып, сауда жүргізген. Заңсыз электрондық темекіні сату және тарату күдігі бойынша 28 жастағы кәсіпкер полиция бөліміне жеткізілді.

Темекі өнімдері, электрондық тұтыну жүйелері, хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымына қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция қызметкері “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында заңсыз электрондық вейптердің сатылуына тосқауыл қойылғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, осы жылдың 20 маусымында Қазақстанда никотинді (вейптерді), сондай-ақ олар үшін сұйықтықтарды тұтынудың электрондық жүйелерінің айналымына тыйым салатын заң күшіне енді.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: