Екібастұз туралы сіз естімеген 15 дерек

5 Сәуір 2017, 13:02 51490

Әлемдегі ең биік түтін шығатын мұнара қай қалада?

Екібастұз – Қазақстанның ірі көмір алабы табылған жер. Көлемі 155 шаршы шақырым, ұзындығы 24 шақырым және максималды ені 8,5 шақырым котловинаға тіреледі. Көмірдің жалпы геологиялық қоры шамамен 10 млрд т.

Екібастұздағы «Богатырь» көмір алабы Қазақстандағы ең ірі көмір өндіретін кен орыны, ал әлем бойынша ең алып көмір алаптарының бірі болып саналады. Оның жобалық қуаттылығы – жылына 50 млн.т.

Екібастұздағы алғашқы көмірді шығару үшін пайдаланылған шөміш бүгінде сапаржай маңындағы алаңда ескерткіш ретінде тұр.

1957 жылдың 12 маусымында Екібастұзкөмір кенті қала мәртебесіне ие болды, оған Екібастұз атауы берілді.

1967 жылдың қаңтарында Екібастұз көмір бассейінінде көмірдің 100 мыңдық тоннасы өндірілді.

1976 жылы Екібастұз көмір бассейні КСРО көмір бассейндерінің ішінде үшінші орынға ие болды.

1985 жылы екібстұздық «Богатырь» көмір алабы Гиннесстің рекордтар кітабына әлемдегі ең ірі көмір кеніші ретінде енді.

1988 жылы көмір өндірісі 89,7 млн тоннаға жетті, бұл көрсеткішКСРО-дағы көмір өндірісінің 12%-ын құрады.

«Екібастұзкөмір» еңбек өнімділігі бойынша, АҚШ, Германия, Польша сияқты елдерді басып озды. Бұл елдерде де көмір ашық әдіспен өндірілген.

Бүгінгі таңда «Богатырь Көмір» кеніші Қазақстандағы көмір саласында жетекші орында тұр. Мұнда Қазақстанның 14 электр станциясы мен Ресейдің 6 электр станциясы жұмыс істейді.

Екібастұз қаласындағы ГРЭС-2 – әлемдегі ең ұзын түтін шығаратын құбыр. Оның ұзындығы – 419,7 м. Мұнараның ең биік шыңына жаяу көтерілу үшін 4 сағаттай уақыт жұмсау керек. Әйгілі Эйфель мұнарасының биіктігімен салыстырар болсақ, ГРЭС-2 оған қарағанда 100 метрге биік. ГРЭС-2 кешенінің қуаттылығы мен мүмкіншілігі Байқоңыр сынды ірі космодром мен өзге де стратегиялық маңызды нысандарды қамтамассыз етуге қауқарлы.

Осы өңірде тас көмір кені ашылғанға дейін, оның күншығыс жағында жатқан тұзды көл ерте заманнан бері «Екібастұз» деп мұрағаттық құжаттарда көрсетілген. Осыған байланысты кейін бұл жерден табылған тас көмір кені де, оның жанына орнаған қалашық пен қала да «Екібастұз» деп аталады.

Тек қана Екібастұзда тұңғыш рет «қара алтынды» өндіру бойынша алдыңғы қатарлы технологиялар өмірге келді, жаңа үлгідегі құрал-жабдықтар зерттелді.

Қазақ халқының фольклорлық мұрасын жинауға, адамзат тарихын, Шығыс және Батыс классикалық поэзиясын зерттеуге арнаған ұлы ойшыл, тарихшы, шежіреші, фольклор танушы, ғалым, ақын,  философ, қоғам қайраткері Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы осы өңірдің тумасы. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы кесенесі Жаңажол ауылынан солтүстік-батысқа қарай 18 шақырым жердегі  Ескелді өңірінде орналасқан.

Екібастұз ауданының Құндыкөл мекенінде алғаш ислам миссионерлерінің ұрпағы, философ, ағартушы және Мәшһүр Жүсіптің тәлімгері Исабек Ишан Хазрет кесенесінің кешені салынды.

Бөлісу: