26.02.2026
18:20
207
Екі жылда 30%-ға дейін құнсызданады: Қытай көліктерінің құпиясы қандай?

Екі жылда 30%-ға дейін құнсызданады: Қытай көліктерінің құпиясы қандай?

Салоннан Қытайдың бренд көліктерінің бірін алдыңыз делік. Жайлылығы, дизайнындағы артықшылығы бірден көзге түседі. Алайда автосарапшылар мұндай көлікті екі жыл мінген соң, құны қарапайым маркамен бірдей арзандайтынын айтады. Бұл туралы Kolesa.kz жаңа зерттеу жүргізді. 

Сарапшылардың мәліметінше, 2025 жылы жаңа автокөліктердің бағасы 11-21%-ға дейін өскен. Ал ресми статистикаға сәйкес, жалпы алғанда жаңа және қолданыстағы көліктердің құны 2025 жылдың қарашасында жылдық есепте 4,1%-ға артқан.

Дегенмен көлік сатып алумен шектелмейтінін есте ұстаңыз. Жанармай, сақтандыру, техникалық қызмет көрсету мен жөндеу секілді тұрақты шығыны тағы бар. Оған қоса уақыт өте келе нарықтағы бағасы төмендейді.

Оқи отырыңыз:

Қазақстандағы Қытай брендтерінің осы үдерістегі жағдайын Kolesa.kz зерттеушілері арнайы талдады. Олар 2023-2025 жылдар аралығындағы бірінші және екінші нарықтағы көрсеткіштерді зерттеп, портал деректері мен Қазақстанның автокөлік одағы ұсынған ресми дилерлердің жаңа көлік сату статистикасына сүйенген.

Қытай автокөліктерінің нарықтағы үлесі

Қытайлық брендтер Қазақстанның автонарығында қарқынды өсім көрсетіп жатыр. Зерттеу деректеріне сәйкес, өткен жылы елде 222 мың жаңа жеңіл автокөлік сатылған. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 14,8%-ға көп.

Қытай маркаларының нарықтағы үлесі 39%-ға жеткен. Айта кетерлігі, 2023 жылы бұл көрсеткіш 30,6% болған. Яғни, бір жыл ішінде қытайлық көліктердің позициясы айтарлықтай нығайған.

Ал басқа елдердің брендтері бойынша керісінше төмендеу байқалады. Жапон маркаларының үлесі 9%-дан 7,2%-ға азайған. Кореялық көліктер 38,4%-дан 33%-ға дейін төмендеген. Еуропалық брендтерде ғана шамалы өсім бар, олардың үлесі 2%-дан 2,3%-ға артқан.

Зерттеу аясында Қытайдың 16 танымал автокөлік маркасы бойынша орташа бағалар да сараланған. Баға диапазоны 6 млн теңгеден басталып, 50 млн теңгеге дейін жетеді. Кейбір шектеулі нұсқалар 74 млн теңгеге дейін бағалануы мүмкін. 2025 жылдың желтоқсан айындағы мәлімет бойынша, қытайлық автокөліктердің орташа бағасы 15,7 млн теңгені құрайды.

Сонымен қатар, қытайлық көліктерге қатысты жарияланымдар дәстүрлі брендтермен бірдей деңгейде қаралады. Алайда нақты байланысқа шығу көрсеткіші сәл төмен. Үш айлық бақылау нәтижесінде қытай автокөліктері бойынша қоңырау шалу немесе хабарлама жіберу үлесі жалпы қаралым санының 2,1%-ын құраған. Ал бұл көрсеткіш кореялық брендтерде – 3,3%, жапон маркаларында – 3,2% болған.

Екінші нарықтағы қытай автокөліктерінің құны

Kolesa.kz зерттеу тобы дилерлер ұсынған жаңа көліктердің бағасын екінші нарықтағы ұсыныстармен салыстырды. Талдау көлікті иеленудің бірінші және екінші жылындағы көрсеткіштер негізінде жүргізілген.

Зерттеу нәтижесі кең таралған пікірге қайшы келді. Қытайлық автокөліктер бағасын дәстүрлі брендтерге қарағанда көбірек жоғалтпайды. Мәселен, екі жыл ішінде қытай маркасындағы көлік моделіне қарай 11,2%-дан 36,3%-ға дейін арзандауы мүмкін.

Сарапшылардың мәліметінше, тек бір брендтің кейбір үлгілері жоғары құн жоғалтқан. Ал қалған қытай өндірушілерінде баға төмендеуі 19%-дан 28%-ға дейінгі аралықта болған. Бұл көрсеткіш дәстүрлі маркалардың орташа арзандау деңгейімен шамалас.

Kolesa.kz редакциясының жетекшісі, авто сарапшы Тимур Еникеевтің айтуынша, қытай брендтері екінші нарыққа енді ғана жаппай шығып жатыр. Нарықтағы бәсекенің артуы мен таңдау мүмкіндігінің кеңеюі бағаға әсер етеді.

Бірінші жылы баға айтарлықтай төмендейді, ал екінші жылы бұл үдеріс айтарлықтай баяулайды. Жалпы алғанда динамика қалыпты. Бағаның күрт құлдырауы байқалмайды, – дейді Тимур Еникеев.

Сараптама қорытындысы бойынша, Қазақстанда қытай автокөліктеріне қызығушылық артып келеді. Қаралым, қоңырау және хабарлама саны бойынша олар дәстүрлі маркаларға жақындай түскен.

Қытай көліктеріне сенім қандай?

Қазақстан нарығында қытайлық көліктерге деген қызығушылық айтарлықтай артқаны байқалады. Пайдаланушылар технологиялық жаңалықтарға, заманауи дизайнға және цифрлық функцияларға ерекше мән беріп отыр. 2025 жылдың желтоқсанында қаралым саны бойынша рекорд орнатқан модельдердің қатарында Deepal S07, Changan X5 Plus, BYD Destroyer 05 және премиум сегменттегі Li L9 бар. Бұл модельдер қазақстандықтардың назарын ең алдымен заманауи технологиясымен, тиімді бағасымен және тартымды сыртқы келбетімен аударған.

Алайда сарапшылар бір маңызды тенденцияға назар аудартады. Интернеттегі танымалдық нақты сатып алу көрсеткішіне әрдайым сәйкес келе бермейді. Мысалы, жапон және корей брендтерінде сатып алуға дайындық деңгейі, яғни автосалондарға қоңырау шалу көрсеткіші 3%дан асса, қытайлық маркаларда бұл көрсеткіш шамамен 2,1% деңгейінде қалып отыр. Бұл – қазақстандық тұтынушылар жаңа брендтерді белсенді зерттегенімен, түпкілікті шешім қабылдарда әлі де белгілі бір күдік пен сақтық бар екенін көрсетеді.

Соған қарамастан, нарықтағы динамика қытайлық өндірушілердің позициясы нығайып келе жатқанын аңғартады. Бүгінде көптеген қазақстандықтар Chery, Haval, Geely, Changan, Jetour сынды брендтерді таңдап жүр. Қазақстанның автокөлік одағының деректеріне сәйкес, бұл маркалар елдегі ең көп сатылған көліктердің ондығына тұрақты түрде еніп келеді.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-та пилотсыз басқарылатын алғашқы қоғамдық көлік пайда болатыны жайлы жазған едік.