Екі облыста заманауи жаяу жүргіншілер жолақтары орнатылды

27 Қаңтар 2023, 17:10 1193

Бұл туралы ИИДМ мәлім етті

Республикалық маңыздағы автожолдарда жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайту үшін проекциялық жаяу жүргіншілер жолақтарын орнату бойынша жұмыстар жалғасып келеді. Жая жүргіншілерге арналған мұндай жолақтардың ерекшелігі сол, ол ұзақ жерден адам көзіне көрінеді. Бұдан бөлек күн райының қолайсыз кездері мен қысқы уақытта да оны анық байқауға болады. 2023 жылдың басынан бері осындай үлгідегі жолақтар тағы екі өңірге қойылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Атап айтқанда, Маңғыстау облысында Р-33 «Доссор-Құлсары-Ақтау» автожолының 179-шы мен 719-шы шақырымындарында және Атырау облысында А-27 «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» республикалық жолының 846 шақырымында орнатылды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін тың үлгідегі жолақтар Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар жолына қойылған болатын.

Аталған өткел арнайы орнатылған проекциялық құрылғының көмегімен жарықтандырылады. Бұл технологиялар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының аса қауіпті учаскелеріне, атап айтқанда елді мекендердің жанында, сондай-ақ жарығы төмен жолдардың учаскелерінде және жолдың бойындағы сервистік нысандардың маңында орнатылады.

Заманауи технологияларды енгізу мен республикалық маңыздағы жолдарда қауіпсіздікті арттыру мақсатында түрлі инновациялық шешімдер ұдайы қолданылып келе жатқанын айта кетейік. Мысалы, 2022 жылдың басынан бастап осы күнге дейін республика бойынша жол қызметінің мамандары 106 дана жарықдиодты страбоскоп құрылғысын, 38 дана жарықдиодты жол белгісін және 6500-ден астам жарықдиодты катафотты орнатқан.

Сондай-ақ былтыр Ақмола облысының республикалық маңыздағы автомобиль жолдарында КД-3 – «мысық жанары» («кошачий глаз») заманауи шағылыстырғыш элементтері қойылды. Бұл көру мүмкіндігі шектеулі жерлерде жол төсемінің немесе жолақтардың шекараларын белгілеу үшін қажет.

EL.KZ
Бөлісу: